Үнді елінен олжалы оралды

Дүниеге шыр етіп келген баланың есімі талай жайттан хабардар етсе керек. Бүгінгі кейіпкеріміздің ата-анасының азан шақырып қойған аты – Серікболсын. Шындығында, өсе келе Серікболсын спортты серік етіп, бүгінде есімі әлемге әйгілене бастады. О баста ол бокспен, күреспен айналысқан. Кейін көңілі спорттың кикбоксинг түріне ауған. Бұл спортты таңдағанына Серікболсын еш өкінбейді.

Аса ауылының тумасы Серікболсын Бодауов жаста болса талай шыңды бағындырды. Ол – спорт шебері, облыстың, республиканың бірнеше дүркін чемпионы. Енді, міне, халықаралық турнирдің жеңімпазы. Жуырда ол Үнді елінің Дели қаласында өткен бәсекеде екі үнділіктен, бір Иорданияның (финалда) спортшысынан айласын асырып, алтынмен апталды.
Алты жылдан бері кикбоксингті серік еткен Серікболсынның жаттықтырушысы Сәбит Үсіпов: – 75 келіде белдескен Серікболсын шаршау дегенді білмейді. Үнемі жаттығу залынан табылуы оның еңбекқорлығын, талабы таудай екенін көрсетсе керек. Еңбекқорлығының жемісі болар, қандай аламанға қоссам да алдан көрініп, үмітімді ақтап жүр, – деді ағынан жарылып.
Үнді елінен олжалы оралған чемпионның өзі: – Делиде өткен бұл сайысқа 12 мемлекеттен 682 кикбоксинг шеберлері қатысты. Оның ішінде облыстан 11 спортшы қатысып қайттық. Нәтиже, өздеріңіз байқап тұрғандай жаман емес, – деген.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары