Турнир жоғары деңгейде өтті

Бүгінгі таңда бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірқатар ауқымды іс жүзеге асырылуда. Тараз қаласы мен аудандарда дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын жастар саны біршама өскен. Әсіресе, волейбол ойыны ауылдық елді мекендерде, облыс орталығында да дами түскен. Тараз қаласында әлемдік лиганың іріктеу жарысы мен Қазақстан Республикасының чемпионаттары өтіп тұрады. Облысымыздан құралған ардагерлер командасы Алматы, Тараз қалаларында өткен халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Жамбыл облысы командасының сапында біздің ауданның ардагерлері Шәмшібек Имашев, Мұрат Жұмабаев, Сәрсен Оспанов сынды ойыншылардың бар екенін мақтанышпен айтуға болады. 

Осы орайда спортқа ерекше ден қойған өңір жастарына сенбі күні аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің спорт залында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған аудан әкімінің кубогі үшін волейболдан дәстүрлі турнир ұйымдастырды.
Жарыстың ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімі Сәкен Арубаев спортшыларға сәттілік тіледі.
– Ауданда халықтың дене шынықтырумен және спортпен айналысуына, бұқаралық спортты дамытуға үлкен мән берілген. Осы орайда өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 12 спорт нысаны ел игілігіне ұсынылса, биыл 5 спорт нысаны мен аудан орталығында дене шынықтыру және спорт кешені пайдалануға беріледі... Тәуелсіздігіміздің қайнар көзі, азаттыққа ұмтылған егемен еліміздің тұлғалары – ол біздің спортшыларымыз. Ендеше, бүгінгі жарыста өнер көрсететін командаларға сәттілік тілей отырып, жеңіске жете берулеріне тілектеспін, – деген өңір басшысы турнирді ашық деп жариялады.
Бұдан кейін ойынның бас төрешісі Темірхан Құрматаев сап түзеген волейболшыларды жарыстың ережелерімен таныстырды. Ауданға қарасты ауылдық округтерден құралған 16 команда ереже бойынша 4 топқа бөлініп, бақ сынады. Нәтижесінде, ең үздік ойын өрнегін көрсеткен Макаренко атындағы орта мектеп командасы бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ қатарынан озып шыққан Кейкиев атындағы орта мектеп командасы екінші жүлдені иеленсе, Өрнек құрама командасы үшінші жүлделі орынға ілікті.
Тартысқа толы турнирде белсенділік танытып, үздік ойын ерекшелігімен көзге түскен Ержан Келдіғұл, Қайрат Махмуд, Медет Абламатов арнайы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар турнирдің нәтижелі өтуіне атсалысқан бас төреші Темірхан Құрматаев, әділ төрешілік қызметі үшін Ғабидолла Хабибуллаев, Мұрат Сыздықов, Руслан Байгелдиев арнайы номинацияларға ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудандық футбол федерациясының төрағасы, аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов пен аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов құттықтап, оларға кубоктар, медальдар және бағалы сыйлықтар табыстады. 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары