Турнир жеңімпазын қабылдады

Жалауы желбіреген дүбірлі жарыстардан олжалы оралып жүрген жерлестеріміз ауданымыздың абыройын асқақтатуда. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылып жатқан турнирлерде спортшыларымыз жақсы ойын өрнегімен танылып үлгерді.

Жалауы желбіреген дүбірлі жарыстардан олжалы оралып жүрген жерлестеріміз ауданымыздың абыройын асқақтатуда. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылып жатқан турнирлерде спортшыларымыз жақсы ойын өрнегімен танылып үлгерді. Қуантарлығы сол, Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында жерлестеріміз мерейімізді үстем етті. Нақтырақ айтқанда, Тараз қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті және Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Халықаралық әйелдер күніне арналған мемлекеттік әйел қызметшілері арасында үстел теннисінен облыстық турнир болып өтті. Барлығы 16 команда қатысқан жарыста спортшылар екі топқа бөлініп, өзара кім мықтыны анықтады. 
Нәтижесінде, жекелей сында 35 жастан жоғары спортшылар арасында өнер көрсеткен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Сәуле Төлекова барлық қарсыласын қапы қалдырып, бірінші орынды жеңіп алды. Ал, командалық ойында (команда жетекшісі аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов) Жамбыл ауданының намысын қорғаған Сәуле Төлекова мен Жамбыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жанар Таттимбетова сынға түсіп, командалық екінші орынды иемденді. 
Мереке қарсаңында аудан әкімі Сәкен Арубаев жарыстан олжалы оралған Сәуле Төлекова мен команда жетекшісі Қайрат Оразымбекұлын қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Олардың әрқашан жеңіс тұғырынан көрініп, биік шыңдарды бағындыруына тілектестігін білдірді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары