Тоғызқұмалақ – ойшылдар ойыны

Халқымыз сонау ерте заманнан өнердің сан алуан түрін бойына сіңіріп, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, бүгінгі күнге жеткізді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін, қайталанбас асыл мұрасын сақтауға, жаңғыртуға, насихаттауға ерекше көңіл бөлуі – дәуірлер мен ғасырлар бойы үрдісі үзілмеген сол құндылықтарды бағалаудағы зор міндет.

Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақ – тамырын тереңге жайған төл мұрамыз. Ол – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен иық теңестіре алатын, рухани, логикалық ойлау өнері.
Бұл ойын осыдан 4000 жыл бұрын пайда болған деседі. Көшпелі қазақтың өмірінен көрініс беретін ойын халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты. Ерте кезден-ақ ата-бабаларымыз жерден арнайы отау қазып, ойын жүрісі үшін мал құмалақтары немесе қиыршық тастарды пайдаланған. Кейін заман ағымына сай арнайы тақталар пайда болып, оның өзіндік ережелері беки түсті.
Қазақта тоғызқұмалақты алғырлар ойыны немесе «шопандар математикасы» деп атаған. Ұлттық ойынды ұлықтап, қайта өрлету жолы қолға алынып, деңгейі жоғары жарыстар ұйымдастырылып келеді.
Жуырда 2006-2007, 2008-2009 жылдары туылған жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан Жамбыл облысының чемпионаты өтті. Облыстық ойшылдар ойынында аудан жастары жоғары жетістікке қол жеткізді. Атап айтсақ, 2006-2007 жылдары туылған жасөспірімдер арасында Балым Марлен бірінші орынды, 2008-2009 жылдары туылған жасөспірімдер арасында Береке Спандияр екінші орынды жеңіп алды. Енді олар шілде айында Семей қаласында өтетін ҚР чемпионатында бақ сынайды. Тағы бір айта кететін жайт, күні кеше Қаратау қаласында жастар арасында өткен жарыста Береке Спандияр алтыннан алқа тағынып, наурыз айында Павлодар қаласында өтетін ел чемпионатында облыс намысын қорғайтын болады. Бүгінде Абай атындағы орта мектепте білім алып жүрген қос жеткіншектің алар асуы әлі алда екеніне сенім мол. Жаттықтырушысы Бақытжан Сүлейманов өзінен тәлім-тәрбие алып, тоғызқұмалақтың қыр-сырын меңгеріп жүрген шәкірттері сенімді ақтайтынын тілге тиек етті. 
Жалпы, аудан көлемінде ұлттық спорт түрлерін насихаттауға үлкен мән берілуде. Соның нәтижесінде көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ пен асық атудан аудан командалары жоғары жетістікке қол жеткізіп жүр.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары