Спорттағы оң қадам

Қай салада болмасын өскелең ұрпақтың жетістігіне марқайып, еңбекпен келген жеңісті мақтан ету әрбір жас үшін танымдық қабілетін арттыратыны сөзсіз. Спорт әлемінде бармақтай бағы жанып, өзгеден дараланған бойжеткен спортшылар туралы сөз болғанда, олардың спортқа қадамы мен табандылығы сыналып жатады.   

Оралдық спортшы Аяулым Жанболат нәзік жаратылысына қарамастан, бозбалаға тән жігер мен байсалдылыққа ие. Облыс орталығындағы спорт мектебіне тоғыз жасынан байдарка мен каноэ есу бөліміне келген оның ендігі болашағы спортпен байланысты өрбитінін спортшы арудың өзі де сезбей қалғанға ұқсайды. Өткен күндеріне көз жүгірткен сайын өзен жағалауындағы балдәурен шағының сағымы, алғашқы таңдауы елестейді. Аяулым Жанболатқызы: «Апаларымның айтуымен жаз мезгілінде бос уақытты тиімді өткізу мақсатымен байдарка есу спортын таңдадым. Спортқа келген жазымнан бастап бұл саланың қалай жай хоббиден тоқтамас өмірлік қызығыма айналғанын байқамай да қалыппын» деп таңданысын жасырмайды. Жас спортшыға спорттың қыр-сырын ұқтырған бапкердің де баулу әдісі әсер еткен болу керек, Виталий Астафьев шәкірті үмітті ақтаумен келеді. 

Бүгінде №1 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің үздік тәрбиеленушісі атанған Аяулым Жанболаттың көңілінде байдарка мен каноэға деген сүйіспеншілік айрықша орын алады. Аяулым ең алғашқы жеңісіне туған жері – Орал қаласында қол жеткізіп, республикамыздың Алматы, Шымкент, Атырау мен Ақтөбе өңірлерінде өткен спорттық жарыстарда шыңдалды. Өзбекстан мемлекетіне де еліміздің құрама командасымен бірге сапар шегуге мүмкіндік алды. 2019 жылы Аяулым Жанболатқызы Алматы қаласында өткен «Жастар», «Жылдам қайық» атты республикалық турнирлерінде І орын, шаһарда өткен ҚР V жазғы спартакиадасында ІІІ орыннан көрінген болатын.     

– Спортта жеңіс, ұтылыс, қуаныш, өкініш секілді сергек сезімдерді бастан өткеріп, ұзақ уақыт өз-өзіммен күрестен кейін жарыста ұту, күнделікті жаттығудан кейін шаршау менің сүйікті сезіміме айналды, – дейді балғын спортшы.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары