Спорт саласының қызметкерлері марапатталды

Бүгін Спорт күні мерекесі қарсаңында Ақжайық стадионында сала мамандарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде спорт саласы қызметкерлерінің мерекесі тойланып, спорт саңлақтарының өлшеусіз еңбегі бағаланады.

Ақ Жайық өңірінің дене шынықтыру мен спорт саласында қолға алынған оңды істер мол. Облыс халқының 31,2 пайызы дене шынықтырумен айналысуға бет бұрып, спорт жұлдыздарының биік тұғырдағы жеңісі спорт тарихының парағына енуде. Жерлестеріміз облыс спортының аясын кеңейту, бұқаралық спорттың сипатын арттыруда ортақ мақсат пен мүддеге жұмылды.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев спорт саласының қызметкерлерін мерекемен құттықтап, жұртшылық арасында дене шынықтырудың рөлін айшықтап, еңбекке араласқан ардагерлер мен мамандардың қызметіне алғысын білдірді.

– Ұлтымыздың ұлықты, ұрпағымыздың салауатты болуы бірінші кезекте дене тәрбиесімен байланысты. Қазақстандық спортшылармен бірге спорт сахнасында еліміздің абыройын асқақтатқан ақжайықтық спортшылардың үлесі орасан, – дейді Ғали Нәжімеденұлы.         

Кәсіби мерекеге орай спорт шеберлерін дайындаған спорт ардагері, Сырым ауданында ұзақ жылдар жаттықтырушылық қызмет атқарған Санат Берсебаев «ҚР-ның құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталып, волейболдан спорт шебері, ҚР-ның 2 дүркін чемпионы Азамат Нұрмұханбетов, БҚО жүгіруден көпшілік белсенді қоғамдық қозғалыс «Uralsk Runners» жетекшісі, кәсіпкер Асхат Рамазанов, үстел теннисінен БҚО-ның аға жаттықтырушысы Сарвара Назароваға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хаты табысталды.

Облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат Өтегенова, қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Татьяна Копылова, №3 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлбану Баекесова, Орал қаласының №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Динара Нұрмұханова, жекпе-жек спорты түрлерінен олимпиада резервіндегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі каратэ бөлімінің жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушысы Асқар Досжанов пен кадр инспекторы және мұрағат ісінің жүргізушісі Галина Вдовина, БҚО грек-рим және еркін күрес федерациясының президенті Бауыржан Бегайдаров, БҚО бадминтон федерациясының президенті Валерий Джунусов, БҚО теннис федерациясының президенті Юрий Ткалунға БҚО әкімінің Алғыс хаты ұсынылып, «Ел және мұғалім» газетінің бас редакторы Жанбол Ғалиев, «ТДК-42» телеарнасының тілшісі Айнұр Құрмашева, «Ақжайық» телеарнасының шеф-редакторы Еркебұлан Смадияр, «Хабар-24» телеарнасының БҚО бойынша меншікті тілшісі Талғат Жұбанышев, «Accents.kz» жаңалықтар порталының шеф-редакторы Александр Брикс, «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мұсағали Тасқариев облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары