Шайданалықтар топ жарды

Естеріңізде болса, облыс, аудан басшылары Шайдана ауылындағы жастардың өтініш-тілектерін назарға алып, Тараз төрінен орын тепкен спорт кешеніндегі жасанды көгалды «Алмаз» спорт кешенінің ойын алаңына төселуіне ықпал жасағалы бұл ауылда доп додасы жиі жалғасын табуда. Бұл туралы ауыл тұрғыны Қанат Рәшімбайұлы редакциямызға келіп, ауылдағы соңғы жаңалықтарды әңгімелеп, сенбі күні өтетін ауылдың асыл азаматы, ақылман ата Рәшімбай Көпбергеновті еске алуға арналған аудандық турнирге келуімізді өтінген болатын. 

Бардық. Өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 12 команда жасыл алаңда сап түзеп, марқұмның туған-туыстары мен ұл-қыздарының әкесі жайлы сабақтаған себезгі естеліктеріне құлақ түрді. Мұнан соң «Шайдана-Алмаз» әуесқой футбол клубының бапкері Азамат Құрбанов жарысқа қатысушыларды ойынның өту тәртібімен таныстырды. Күні бойы жалғасқан жарысқа Бекарыс Жұмаділдә, Айдын Есенгелді, Елдар Айдаров төрелік етті.
Тартысты өткен турнир нәтижесінде бірінші орынды «Шайдана-Алмаз» командасы иеленсе, «Бесжылдық» командасы екінші орынды місе тұтты. Жүлделі үшінші және төртінші орындарға «1999» командасы мен «Пионер» командасы тұрақтады.
Сондай-ақ турнирде «Үздік ойыншы» Ғабит Мұхитұлы (1999), «Үздік шабуылшы» Олжас Сайлаубай (Бесжылдық), «Үздік қорғаушы» Диас Сағынбек (Пионер), «Үздік қақпашы» Әділет Көшкінбаев (1999), «Үздік сұрмерген» Еркебұлан Іңкәрбай (Шайдана-Алмаз)  деп танылды. 
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапатталып, дастарханнан дәм татты.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары