«ШАЙДАНА-АЛМАЗ» КОМАНДАСЫ – ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛДА

Спортпен шұғылдану – салауатты өмір салтының негізі, денсаулықтың кепілі. Қазақ халқының «Дені саудың – жаны сау», «Жаны саудың – тәні сау» деп адам денсаулығын күтудің терең тәрбиелік және философиялық маңызы бар екенін түйіндесе керек.

Мемлекетіміз бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беруде. Халықтың спорттық нысандар мен шағын футбол алаңдарын және спорттық үйірмелерді көбейту туралы ұсыныстары бүгінде қаперге алынып, Жамбыл ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Ауданның спорт саласындағы жетістігі орасан. Аудан бойынша 41 шағын футбол алаңы, 21 балалар ойын алаңы мен 16 жаттығу алаңшасы бар. Әйтсе де, футбол алаңында жаттығып жүрген спортшылардың аудан атын облысқа танытып жүргені шамалы. Әсіресе, тақырып кіші және үлкен футбол турнирлері аясында болса, бұл тұрғыда жетістіктеріміз көп емес. Дегенмен ауызбіршілігі бекем, спортқа ерекше көңіл бөлетін елді мекендер бар. Мысалы, Бесжылдық, Бірлесу-Еңбек, Шайдана, Қаракемер, Ащыбұлақ ауылдары кез келген турнирлердің басы-қасынан табылады. Соның ішінде Қарасу ауылдық округіне қарасты 750-ге жуық тұрғыны бар Шайдана ауылы аудандық және облыстық додаларда ауданның атын асқақтатуда. 
Ағымдағы жылдың өзінде Әділ Байұзақов жетекшілік ететін «Шайдана-Алмаз» командасы теңбіл допты ұршықша иіретін Жамбыл облысының әуесқойлар арасындағы кіші футбол лигасының кестелік тізімінде көш бастап тұр. Аптаның сенбі, жексенбі күндері «Тараз-Арена» әмбебап спорт кешенінде өтетін облыстық лигаға 48 команда қатысып, екі ай бойы айналмалы жүйеде бақ сынасуда. Бүгінде 20 кездесу өткізген аудан мақтаныштары қарсылас біткенді қапы қалдырып, жартылай финалда Меркі ауданының аяқдопшыларын 4:3 есебімен тізе бүктірді. 
 – Биыл айтулы турнирдің жеңімпазы атануға бар күш-жігерімізді саламыз, – дейді команда капитаны Айдын Есенгелді. – Енді 2 маңызды кездесуіміз бар. Екінші айналымды жоспардағыдай орындадық. Алдымызда казфосфаттық ойыншылар тұр. Облыстық турнирге қатысып келе жатқанымызға 10 жылдың жүзі болды. Көбіне жартылай финалдан төбе көрсетіп жүрдік. Нәтиже шығаратын кез келді. Ойыншылардың дайындығы өте жақсы. Барлығы ауылдың жастары. Өткен жылға қарағанда көрсеткіш көңіл көншітеді. Оның үстіне ауданымыздың өзінен 6 команда қатысқаны басқа өңірлермен салыстырғанда басымдылыққа ие. Бұл ауданның спортқа деген ыждаһаттылығын көрсетіп тұрса керек. Көбіне жаттығуды «Шайдана-Алмаз» спорт кешенінде өткіземіз. Жастардың тұрақты түрде спортпен айналысуына аудан әкімі Сәкен Арубаевтың көп көмегі тиді. Сиқы құрып, жасанды төсеніші ескірген алаңшаның жағдайы туралы ашық хатты ауыл жастары аудан басшысына өткен жылдың жаз айында тікелей жолдағаны бар. Сонда жастардың өтінішін назарға алған Сәкен Қаланұлы кешенге арнайы келіп, жағдайын көзбен көріп кеткен болатын. Араға апта салып, сапалы төсенішті тағы бір қайтара төсеп бергені жастардың спортқа деген ынтасын арттыра түсті. Соның нәтижесінде жаз, күз айларында үзбей жат­тыққан аяқдопшылар, облыстағы адуынды командаларға тойтарыс беруде. Әрине, жетіс­тік дайын­дықпен келетіні сөзсіз. Дегенмен дайындалу үшін де алаңның мүмкіншілігі жоға­ры болуы керек. Сол үшін де аудан басшысына жастардың айтар алғысы шексіз, – дейді.
Ал жергілікті аяқдопшылардың еңсе тіктеуіне кәсіпкер Әділ Әбубәкірұлы өлшеусіз еңбек сіңіріп жүр. Жастардың ойын өрнегіне қызыққан аудан әкімі Сәкен Арубаев финалдық кездесудің көрермені болатынын жастарға жеткізген. 
Сондай-ақ, Жамбыл ауданының абыройын асырып жүрген аяқдопшылардың бәсекесін тікелей көрсетілімдегі «YouTube» каналынан, ал команда ұпайларын «www.tarazllf.kz» сайтынан көруге болады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары