Республикалық бәсекеде топ жарды

Жуырда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Олимп» спорт кешенінде еркін күрестен есту қабілеті төмен жасөспірімдер арасында республикалық чемпионат өтті.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар өз салмақ дәрежесінде сынға түсіп, кім мықтыны анықтады. Айта кету керек, шаршы алаңда атой салған жасөспірімдердің барлығы жарысқа тыңғылықты дайындалып келген. Әсіресе, республикалық додада аудан намысын қорғаған Аса ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Нышанбек Мырзахмет қарсылас біткенді қапы қалдырып, алтыннан алқа тағынды. 
Жаттықтырушысы Нұрзат Алтеевтің үмітін ақтаған Нышанбек бүгінде Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің 7-сыныбында оқиды. «Болашақта елімізді жаһан жұртына танытып, көк Туымызды әлемдік додаларда желбіретемін» деп алдына мақсат қойған жерлесімізге біз де шын жүректен тілектестік білдірдік.
Күні кеше жас жеңімпазды спорт мектебінің директоры Самат Өмірәлиев арнайы қабылдап, жеңісімен құттықтады. Жеңісті де жемісті күндері көп болсын деп тілек білдірді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары