Мүмкіндігі шектеулі спортшылар жаңа ғимаратта жаттығады

Қоғамда тағдырлары сан тарапты, бірақ арманы асқақ қайсар тұлғалар бар. Бірі – туа бітті кемтар, бірі – тағдыр тәлкегін тартқан кембағал жандар.

Соңғы кезде қайырымды қоғам оларды мүмкіндігі шектеулі деп емес, шектеусіз жандар ретінде қолтығынан демеп келеді. Асылы, мемлекетіміздің бұл санаттағы азаматтарға қамқорлық көрсету ісін қоғамның зор парызы санайтыны сондықтан.

Мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубы спортшылар үшін кедергісіз аймаққа айналуда. Биыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен жаңа ғимаратқа №1 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің аумағына көшіріліп, арнайы жаттығу бөлмелері жабдықталуда. Әрине, бұл бастама спортпен айналысушы азаматтарға бағытталған орасан қамқорлық болғанымен, талапқа сай жан-жақты жағдай жасау бірінші кезекте спортшылардың ынта-жігерін арттыра түспек.

– Бұрын спортшылар үшін кедергілер ұшырасқаны жасырын емес. Десе де, жаңа нысанды сыйлау арқылы арнайы көңіл бөліп, бір орында жаттығу жұмыстарын жүргізетіндей жағдай туғызған Қаймен Есенаманұлына шексіз алғыс, – дейді қайсар спортшылар бірауыздан.     

Сәл өткенге шегініс жасасақ, спорт клубының негізін қалап, жұмысын жандандырып, мүмкіндігі шектеулі спортшыларды спортқа баулыған алғашқы басшы-бапкер Азон Шаймарданов еді. Көру, есту, сөйлеу және тірек-қимыл аппараттары зақымдалған тұлғалардың кәсіби спортта шыңдалуына жол ашты. Бүгінде ұстаздың ізін басқан  самбо мен қазақша күрестен КСРО спорт шебері Теміржан Хасанғалиев ұжыммен бірге басталған істі дөңгелетуде. Паралимпиадалық және сурдолимпиадалық спорттың 28 түрі, соның ішінде 10-нан аса ойындар кеңінен насихатталып, 200-ден астам спортшы жетістіктер биігінен көрініп, жыл сайын спорт клубтың дәрежесін өсіруде.

Теміржан Сұлтанұлының айтуынша, соңғы үш жылда клуб спортшылары 70 алтын, 57 күміс, 71 қола медаль еншілеп, 6 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 6 спорт шебері, 14 спорт шеберлігіне үміткер дайындалып, 33 спортшы ҚР құрама командасының сапына енді. Әлемдік деңгейде инфекциямен күреске байланысты Токио мемлекетінде өтетін олимпиадаға жүзу спортынан қатысуға жолдама алған Ануар Ахметовтың лицензиясы келесі жылға дейін сақталып, шаңғы жарысының жүлдегері Бауыржан Өмірәлиев та ел құрамасында өнерін дамытпақ.     

– Жыл басында спорттық додаларда бақ сынаған грек-рим және еркін күрестен Айбол, Жалғас Арыстановтар, Шоқан Насибуллин, пауэрлифтингтен Назгүл Ізмағамбетовалар топ жарып, жеңіл атлетшілер, сурдо, пара дзюдошылар, шахматшылар мен волейболшылар жүлде қорын толықтырды, – дейді Теміржан Хасанғалиев.       

Карантиндік жағдайға қарамастан, мүмкіндігі шектеулі спортшылар жаттығу жұмыстарын қашықтан жүргізеді. Дені онлайн жарыстардан қол үзген емес. Алда өңір спортшыларын ел чемпионаттарына қатысу мүмкіндігі күтуде.

***

Пара волейболдан Қазақстан құрама командасының мүшесі, әлемдік деңгейдегі спорт жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы Азон Шаймарданов қандай да бір жеңісті өзінің табанды еңбегімен байланыстырады.

Өңіріміздің ғана емес, елінің намысын бәрінен биік қоятын Азон Нұрмұханұлы үшін өмірінің сынға түскен кезеңін, бастан өткерген қиын сәтті әңгімелеу оңайға соқпайтыны анық. Жігерлі ел ағасының бүгінгі күнге дейін қол жеткізген толайым табысы өткен шақты еске алуға мұрша беретін емес. Өйткені спортпен шұғылдануды қолға алған алғашқы күннен бастап үздік спортшының әр күні спорт залда өтіп, спортшыларды баулу ісіне жұмсалды.

– Басыма түскен қиыншылықты спорттың арқасында ғана жеңе білдім, – дейді Азон Шаймарданов.

Бұрыннан каратэ, футбол, волейбол ойындары Азон спортшының оң жамбасына келетін. Су спортына құмар. Сондықтан болар ІІ топ мүгедегі деп танылса да, бір бүйірі спортқа тартып, қызығушылығы жоғары жетістікке жетеледі. Отырып ойнау волейболынан спорт шебері, пара Азия ойындарының күміс жүлдегері, волейболдан 11, пауэрлифтингтен 10 дүркін чемпион атанып, 2011 жылғы қысқы Азия ойындарында эстафеталық алауды алып жүру сәті бұйырды.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды дене шынықтыруға тарту мақсатымен құрған спорт клубы елудеген спортшының спорттағы бағын жандырды. Бүгінде аталған санаттағы спортшылардың шеберлігін шыңдап, паралимпиадалық және сурдолимпиадалық спорт түрлерін облыс көлемінде насихаттау мақсатымен Федерация жұмысын бастады. Азон Нұрмұханұлы федерация қызметінің бір ерекшелігі спортшыларға қалыптық деңгейге келу жағынан көмектесіп, бизнес-жобаларын қолдап, жұмыспен қамтылуын ықпал ететінін айтады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары