Қонақта – Әлем чемпионатының жүлдегері

Таяуда Қ.Сартбаев атындағы орта мектепте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыстық, республикалық чемпионаттарда топ жарған, соның ішінде Румынияның Констанца қаласында жастар арасында қол күрестен (армрестлинг) өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынған Шайдана ауылының тұрғыны, аталмыш мектептің түлегі Арайлым Сағатілләмен кездесу кеші өтті. 

 – Спорт – қызыққа, шытырман оқиғаға толы сала. Әсіресе, жеңіспен елге оралғандағы сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ауыл-аймақтың риясыз қуанышын көру – ел намысын қорғап жүрген спортшыларға алтынға бергісіз сәт. Бастапқыда ауыр атлетикаға ден қойғанмын. Дегенмен, Жамбыл өңірінде бұл салаға қолдау аз болғандықтан, қол күреспен шұғылдана бастадым. Спорт арқылы көптеген мемлекеттерде болдым, достарым да көп. Жақында Ақтөбе қаласында ересектер арасында өтетін ел чемпионатына барамын. Алла қаласа, өңіріміздің абыройын асқақтатуға бар күш-жігерімді сарп етемін, – деген Арайлым Берікжанқызы мектеп оқушыларымен емен-жарқын әңгімелесті.
 Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қарлыға Селеубаева мен бастауыш сынып мұғалімі Несіпкүл Әліқұлова ұйымдастырған кездесуге мектеп директоры Сабыр Мұраталиев, бастауыш сынып мұғалімі Аида Жүржаева қатысып отырды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары