Еңбегі еленген әдіскер

Бүгінде бұқаралық спортты дамыту мен ұйымдастырудың негізгі бағдары спорт әдіскерлерінің үздіксіз еңбегінен көрініс табуда.

Дене жаттығуларының адам өміріне маңыздылығын бағалаған қазақ жазушысы Ғабит Мүсірепов дұрыс жолға қойылған спорт ойындарын оқу мен білім алу, бойды сергітіп, ойды жетілдірер салаға балайды.  

Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының жоғары санатты әдіскері Райгүл Елесова пән мұғалімінен бастап директордың оқу, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына дейінгі қызмет сатыларынан өтіп, соңғы төрт жылда спорт бөлімінде тәжірибесін қалыптастырды. Жұмыс барысында спорттық ойындар, мерекелік шараларға ықыласпен араласып, әрбір тапсырылған істі аяғына жеткізіп орындау Райгүл Нұғманқызының күнделікті дағдысына айналған. Сондықтан мектеп-интернат ұжымы ізденімпаз, еңбексүйгіш, шебер ұйымдастырушы қабілетімен көзге түскен білікті маман Райгүл Нұғманқызының спортшылармен жақын қарым-қатынасын, қызметіне деген жауапкершілігін жоғары бағалап, өзгелерге үлгі тұтады. Еңбекқор жанның еңбегін ескерген қалалық спорт бөлімі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы әр жылдары алғыс жариялап, Спорт күні мерекесі қарсаңында арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Жаттықтырушылар құрамы жұмысының бағытын үйлестіруді міндетіне алған тәжірибелі әдіскер оқу-жаттығу үрдісіне әдістемелік көмек көрсетіп, оқу топтарын сапалы сақтаудың жоспарын жаңаша тиімді әдістермен ұштастыруды көздейді. Осы бағытта Райгүл Елесова: «Әдіскердің басты міндеті жаттықтырушыны әдістемелік жағынан қолдап қана қоймай, спортшыны жан-жақты шыңдауда, білім мекемесінің деңгейін көтеруде жол бастаушы болуы тиіс» деп санайды.

– Әдіскер маманға кәсіби білім, үнемі ізденіс пен еңбектің нәтижесі қажет, – дейді ол.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары