Ел абыройы арта берсін!

Әлемдік аренада ел абыройын асқақтатып, ақтық сында қарсыласын қапы қалдырып яки үстемдігін байқатқан отандастарымыз әлемдік рейтингте үздіктер қатарында. Елімізде бұқаралық спорт түрлерінің барлық бағытында ілгерілеушілік бар. Соққысымен тәнті еткен былғары қолғап шеберлері, теңбіл доппен көз байлайтын аяқдопшылар, маңдай тері төске тамып, көрермен көзайымы атанған балуандар мен шабандоздар мемлекетіміздің әлеуетін көтеруде. Біздің ауданымыздың өзінде аты дардай спортшылар жетерлік. 
Елімізде тамыз айының үшінші жексенбісі Спорт күні ретінде аталып өтетінін ескерсек, айтулы мереке қарсаңында аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітовті әңгімеге тартып, сала жұмысы жайында сұраған едік.

– Қайрат Оразымбекұлы, мереке құтты болсын! Өзіңізбен ауданымыздағы бұқаралық спорт төңірегінде жиі ой бөлісуші едік. Мына аты жаман індет жүздесуді, басқосуды, қол алысып амандасуды көп көрді-ау. Жалпы өңір жастарының спортқа деген қызығушылығын қандай деңгейде бағалар едіңіз?
 – Рақмет! Өте дұрыс айтасыз. Басқосуды қоя беріңізші, мына жер-жаһанды жайлаған селебе асылдарымызды арамыздан жұлып алды. Әсіресе, спорт жанашыры ретінде болар, даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровтің қазасы жүрегіме қатты батты. Дегенмен, өмір өзені ағысын тоқтатпайды.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші деп бекерге айтып жүрген жоқпыз. Аллаға шүкір, аудан тұрғындарының спортқа деген ыждаһаты ерекше. Аптаның барлық күнін жаттығуға арнаймыз деп хабарласақ, қайырылып келуден тайынбайды. Жастар бос уақытын Түрксіб және Аса ауылдарындағы спорт мектептерінде өткізеді. Аса ауылында 1000-ға жуық жасөспірімге 30 жаттықтырушы спорттың 12 түрінен, Түрксіб ауылындағы спорт мектебінде 532 балаға 16 бапкер спорттың 7 түрінен тәлім береді. Жаттықтырушылардың кәсіби шеберлігінен болар, мектеп түлектері облыстық, республикалық додаларда ауданымызды абырой төріне оздырып жүр. 
  – Жеңісті күндер көп болсын. Жалпы, аудандағы спорт нысан­дарының жай-күйі қандай?
  – Орынды сұрақ. «Ағаштан жеміс күтсең, сабағын сындырма» дегендей, жасөспірімдердің биік жетістіктерге жетуі үшін жаттығу алаңдары талапқа сай болғаны дұрыс. Жастардың спортпен шұғылдануына еш кедергі жоқ. Есіңізде болса, өткен жылдың дәл осы күні Аса ауылында әмбебап спорт кешенінің құрылысы басталғаны туралы айтқанбыз. Бүгінде нысан 90 пайызға аяқталып, қыркүйек айында қолданысқа берілмек. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қолға алынған нысанға «Өмірзақ» ЖШС жауапты. Жұмыстың сапасы жіті бақылауда. Бұдан бөлек Бесжылдық, Гродиково ауылдарында ашық спорт алаңы қолданысқа берілді.
– Жағымды жаңалық екен. Аудан тұрғындарына қанша спорт нысаны қызмет көрсетеді?
 – Ауданда 160 спорттық нысан бар. Тарқата айтар болсақ, 1500 адамға арналған бір орталық стадион, 84 спорт алаңшасы, 31 кіші футбол алаңы, 8 атқыш тирі, 33 спортзал, 1 атшабар, және 1 спортпен айналысатын бөлме халық игілігіне жарап тұр.
– Қайрат аға, расымен ілгерілеушілік байқалады. Дегенмен, ұлттық спорт түрлері ауданымызда қалыс қалып жатқан жоқ па?
 – Қазақпен біте қайнасқан ұлттық спорт түрлері қалай қалыс қалсын. Қанымызға сіңген қасиет ұмыт болуы мүмкін емес. Жастарды айтпаймын, жасым шау тартса да, көкпар додасын көріп делебем қозып отырады. Ауданда құсбегі, көкпар, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ ойындары қарқынды дамып келеді. Жасөспірімдеріміз қазақ күресінен жүлделі орындардан түскен емес. Шабандоздар «Әулиеата» командасы сапында өнер көрсетуде.
 – Айтулы мереке күні жас спортшыларға, әріптестеріңізге не айтасыз?
– Бүгінгі сұхбатты пайдалана отырып, осы салада жүрген жаттықтырушылар мен олардың шәкірттерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып қызмет етуді баршаңызға жазсын. Ел абыройын асқақтататын спортшыларымыз көбейе берсін. Отбасыларыңыз аман, дендеріңіз сау болсын!
 – Әңгімеңізге рақмет.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары