Байрақты бәсекеде – жасөспірімдер

Бүгінде жасөспірімдердің сапалы білім алуына, салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалған. Өңірлердегі елді мекендерде ашылған жаңа типтік мектептер мен спорт кешендері – соның айқын көрінісі.

Біздің ауданда да бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілді. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында аудан орталығы Аса ауылында бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы ашылды. Бұл орталық «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бөлінген қаржыға салынды. Бұған дейін ауданымызда дәл мұндай үлкен спорт кешені болмағанын ескерсек, заманауи жаңа құрал-жабдықтармен жарақтанған орталықтың бой көтеруі аудан тұрғындары үшін жағымды жаңалық болды. Енді жергілікті тұрғындардың, әсіресе, жастардың тұрақты түрде спортпен шұғылдануына мүмкіндігі бар.
Таяуда осы орталықта алғаш рет қазақ күресінен облыстық жарыстың жалауы желбіреді. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы қазақ күресі қауымдастығының ұйытқы болуымен 2006-2007 жылдары туылған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен облыс чемпионаты ұйымдастырылды. Екі күнге созылған байрақты бәсекеде облысқа қарасты барлық ауданнан, Тараз қаласынан жалпы саны 336 жасөспірім 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.
Нәтижесінде, тараздықтар Арсен Сағынтай (38 келі), Абзал Дулатов (46 келі), Бекасыл Жаңабай (50 келі), Еркебұлан Бекберген (60 келі), Нұрдәулет Илиясұлы (70 келі), сарысулықтар Рамазан Тұрсынбек (42 келі), Нариман Ергешбай (+75 келі), шулық Мерей Бүркітбай (65 келі), мойынқұмдық Сабырбек Кемелбек (75 келі), жамбылдық Бағдәулет Сейітқадыр (55 келі) өз салмақ дәрежелерінде топ жарып, 25-28 ақпан күндері Елордада жасөспірімдер арасында өтетін ел біріншілігіне жолдама алды. Жалпы командалық есепте Тараз қаласы құрамасы бірінші, Сарысу ауданы екінші, Жамбыл ауданы үшінші орынға тұрақтады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары