Аудандарда «Футбол» орталығының бөлімдері ашылады

Батысқазақстандық футболсүйер жанкүйерлер үшін «Ақжайық» футбол клубы жаңа бастамаларды жүзеге асыруда.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халқына арнаған Жолдауында спорт саласын тілге тиек етіп, өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетіне аса назар аудару қажет деп тапты. Облыс пен аудандарда спорт үйірмелерін ашу арқылы бұқаралық спортқа, дене тәрбиесі және балаларға басымдық беру көзделді.   

Алғаш негізі 1968 жылы «Уралец» атауымен құрылған «Ақжайық» футбол клубы араға жылдар салып, «Уралец-АРМА», «Жәңгір», «Нарын», «Батыс» секілді бірнеше атауды иеленгенімен, бәсекелестіктің бәсін төмендетпеді. Бірде жеңіс тұғырына көтеріліп, бірде қарсыластарына есе жіберсе де, футбол тарихына қолтаңбасын қалдырумен келеді. 2015 жылы Қазақстан бірінші лигасының жеңімпазы атанған «Ақжайық» футбол клубының жетістігін  жас аяқдопшылар қайталауға асық.

Биыл «Ақжайық» футбол клубында оңды өзгерістер орын алды. Ең алдымен, футбол клубы жергілікті «BANEM» компаниясына он жылға сенімгерлік басқаруға беріліп, біртіндеп материалдық-техникалық базасы жаңартылмақшы. Ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуді қажет етіп келген жасанды жасыл алаң (газон) инвесторлардың атсалысуымен жаңадан ауыстырылды. Спортшылардың жауын-шашынды айларда жаттығу жұмыстарына қолайлылық тудыруда алаңнан жабық футбол манежінің құрылысы басталады.

Ақжайықтық футболшылардың 70 пайызын жергілікті ойыншылар құрайды, 30 пайызы ғана өзге өңірлерден жиналған. Алдағы жылдары футбол орталығында жаттығатын ойыншыларды негізгі құрамаға дайындау жоспарда.   

Клуб директоры Азамат Шайхы бюджет есебінен кәсіби футболға бөлінетін қаражаттың тең жартысы балалар футболын дамытуға бағытталғанын айтады. «Ақжайық» жанындағы «Футбол» орталығында ағымдағы жылы балалардың саны артып, мамандар бұл көрсеткішті балалар футболына толыққанды жасалған жағдаймен байланыстырады. Соның ішінде 14 жас ерекшелігі бойынша 800-ге жуық балғын ойыншы, яғни 2001-2013 жылғы балалар мен жасөспірімдер жаттығуда.

Азамат Ерболұлының айтуынша, қазіргі күні «Футбол» орталығының бөлімдері Сырым, Теректі, Бөрлі, Ақжайық пен Тасқала аудандарында қызмет жасайды. Өзге аудан орталықтарында да бөлімдер ашу көзделген. 2019 жылы футбол орталықтары арасында өткен Қазақстан біріншілігі кубогында 2001 жылғы футболшылар үздік үштікке еніп, күміс медаль иеленді. Бұл – орталық тарапынан он үш жылдан кейін қол жеткізген жетістік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше жариялаған Жолдауы негізінде бұқаралық спортты жетілдіруді мақсат еткен клуб мамандары әдіскерлермен жоспар құрып, оралдық тұрғындар үшін шаһардың шағынаудандарында қосымша футбол үйірмелерін ашу жұмыстарын қарастыруда.     

Жасыл алаңдағы жас ойыншылар

Спорттық ойындардың ішінде футболдың тарихы тым тереңде. Әр жылдары әлем елдерінде атауын да, ережесін де өзгерткенімен, маңыздылығын жоғалтқан жоқ.

Елімізде әрбір мектеп жасындағы балғындар мен жасөспірімдер футбол ойнауға құмар. Жас футболшыларды баулуда мектеп жанынан, қосымша білім орталықтарында спорт үйірмелері жұмысын жүргізіп, бүгінде ала допшылардың аяқ алысы жаман емес.

Вячеслав Невольниковтың жетінші жылы «Ақжайық» футбол клубында бапкерлік қызметпен өтуде. Осы аралықта 2006, 2007 жылғы балалар командасын баптап, алдыңғы құрамамен ел біріншілігінде үздік ондыққа, Қазақстан кубогында бестікке енді. 2007 жылғы балалар командасы бапкер үмітін ақтады десе болғандай. Бауыржан Исламжан атындағы республикалық турнирде күміс, Ақтөбе облысының ашық кубогында қола жүлде, Шымкент қаласындағы республикалық Золотая осень, Тараз қаласында өткен Весна турнирінің жеңімпазы атанып, Президент кубогы, П.Атоян атындағы қалааралық турнирдің чемпионы болған да Вячеслав Петрұлының шәкірттері.

Биыл Вячеслав Невольников «Футбол» орталығының 2005 жылғы балалар құрамасын жаттықтыруды қолға алды. 2019 жылы Қазақстан біріншілігінде өнер көрсеткен ойыншылар 20 команда арасынан V орыннан көрінді.

Жыл басынан жұқпалы дертпен күрес шараларына байланысты оқу-жаттығу жұмыстарын ZOOM платформасы арқылы қашықтан жүргізген бапкер ойыншыларының енді ғана алаңға оралғанын айтады.

– Балалардың футболға деген қызығушылықтары зор, ішкі талпыныстары жоғары. Жаңадан келген балалардан қабілетті бірден байқау сирек құбылыс. Бапкер ретінде таланттысын анықтау маманның құзыретінде, – дейді Вячеслав Петрұлы.

Балалармен жұмыс барысының мақсаты да сол, әр ойыннан ләззат алып, бойындағы күш-жігерді ойынға жұмсап, өзін-өзі дамытуды меңгерту. Осы бағытта Вячеслав бапкер техникалық, физикалық, тактикалық және психологиялық әдістерді ұштастырып, ойын жүйесін қалыптастыруда.

Қазақстан футбол федерациясы өткізетін оқу курстарына қатысып, білімін жетілдіріп жүрген білікті маман мектептердегі дене тәрбиесі пәні мұғалімдерімен семинар өткізіп, тәжірибесімен бөлісуде. «Күнделікті футбол әдебиеттерімен танысып, қажетті мәліметтерді ғаламтор ақпараттарымен салыстырып, өз жұмысында пайдалану нәтиже береді» деп санайды футбол жанашыры.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары