Аудан құрамасы – алда

Ұлттық ойындар көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына, шаруашылық мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Ата кәсібіміз мал өсіру болғандықтан, қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген.

Ұлттық ойындар көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына, шаруашылық мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Ата кәсібіміз мал өсіру болғандықтан, қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген. Ұлттық ойындардың көбі табиғи заттарға негізделген. Соның ішінде асық ату – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық ойыны. Асық ойыны адамды жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді.
Дүйсенбі күні Аса ауылындағы бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығында ұлттық спорт түрлерін дамыту, облыс тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Біз – экстремизм мен терроризмге қарсымыз!» ұранымен ересек ұл-қыздар арасында асық атудан және бес асықтан облыс чемпионаты өтті. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының «Асық ату» ұлттық ойындары бойынша облыстық федерациясы ұйымдастырған байрақты бәсекеде Тараз қаласының және облысқа қарасты барлық ауданның құрама командалары олимпиадалық жүйе бойынша бақ сынасты. Бұрымдылар бес асықтан сынға түссе, жігіттер жағы асық атып жарысты. Тартысты ойындар кешке дейін жалғасты.
Нәтижесінде, бес асықтан бірінші орынды Жамбыл ауданы, екінші орынды Байзақ ауданы, үшінші орынды Т.Рысқұлов ауданының командасы иеленді. Ал, асық атудан Т.Рысқұлов ауданы бірінші, Байзақ ауданы екінші, Жамбыл ауданының құрамасы үшінші орын алды.
Жарыстың жабылу рәсіміне арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев жеңімпаз бен жүлдегер команда ойыншыларына тиесілі дипломдар мен медальдарды табыс етті. Оларды жеңісімен құттықтап, бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.
Алдағы уақытта жүлде алған командалардың ойыншыларынан ел біріншілігіне қатысатын облыстық құрама жасақталатын болады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары