БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

«Нұр Отан» партиясының Жезқазған қалалық филиалы ғимаратында «7-20-25» тұрғын-үй бағдарламасы бойынша қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қабылдауға он шақты адам келді. Барлығының басты мәселесі – баспана. Бірі үйдің кезегіне тұрғанына 10 жылдан асып кеткен көпбалалы ана, бірі сол кезекке қалай тұрарын білмей жүрген жас отбасы. Аталмыш шара барлығының бас ауруына айналған мәселені көп болып шешуді көздеді.

Жиынды «Нұр Отан» партиясының Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова ашып, жүргізді. Сонымен қатар, бұл шараға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі менавтомобиль жолдары  бөлімінің заңгері Асылхан Әлімсейіт, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қаржылық кеңесшісі Үлзира Жанназарова, «Қазақстан халық банкі» филиалының өкілі Руслан Нұрахметов пен басқа да екінші деңгейлі банк өкілдері қатысып, келушілермен сұхбаттасты. Үйлі болудың тиімді жолын қарастырды. Айта кетсек, Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасымен 8 коммерциялық банк ипотекалық несие ұсынып отыр. Олардың қатарында «Центркредит банк», «АТФ банк», «Цесна банк», «Халық банк», «Сбербанк», «РБК» банкі, «Forte Bank», «Еуразия банкі» бар. «7-20-25» бағдарламасы бойынша несие беріп жатқан қаржы институттарының қатарында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жоқ. Дегенмен, бұл банк «7-20-25» бағдарламасын қабылдай қоймаса да, оның 7 пайызбен 23 жылға дейін несие беру бағдарламасы бар. Ол жоғарыда айтылған мемлекеттік бағдарламаның аналогы деуге болады. Ал, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынысының ерекшелігі – үш жыл ақша жинау керек.

Мемлекет басшысының бастамасымен «7-20-25» бағдарламасы 2018 жылдың шілде айында іске қосылды. Қазақстандықтарға жылдық 7%-дық мөлшерлемемен, 20% бастапқы жарнамен және 25 жыл мерзімге несиеге баспана сатып алу мүмкіндігі пайда болды. Бұл бағдарлама көп адамның арманын орындап, түйіткілді мәселесін шешіп бергендей. Бірақ, қабылдауға келген тұрғындар аталмыш бағдарламаның қандай жүйе бойынша жұмыс істейтінін біле бермейді екен. Халықты ақпараттандыруды көздеген мамандар жезқазғандықтар жеңілдіктер, баспана алу үшін жиналатын құжаттар жайында түсінік берді. 

Сара ТЕМІРҒАЛИ

Суретті түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары