Ардагерді құттықтады

Жезқазғандық аналарды қабылдау салтанатынан кейін қала басшысы Қайрат Бегімов бастаған топ Ұлы Отан соғысының ардагері, бүгінде 95 жасқа келген Нина Виноградованың үйіне атбасын тіреді.

Жалпы, Нина Степановна өзінің хал-жағдайын сұрай келгендерді құшақ жая, қуана қарсы алады. Атқа мінерлерден бөлек Либкнехт көшесіндегі 28-үйге Жезқазған медициналық коледжінің шәкірттері, яғни болашақ ақ халаттылар да жиі барады. Украинаның Донбасс қаласынан майданға алынғанынан бастап, Жезқазған қаласына қалай келгенін баян етуді әдетке айналдырған Нина Виноградоваға Қайрат Бегімов ықылас гүлі мен тәтті толы себетін сыйлап тұрып:

–Құрметті, Нина Степановна, Сізді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ өмір тілейміз. Алда 9 мамыр Ұлы Отан соғысындағы жеңіс мерекесінде аман жүздесіп, соғыс жылдарындағы әндерді бірге шырқауға жазсын,- деді.

Өзіне көрсетілген сый-құрметке риза болған Ұлы Отан соғысының ардагері қонақтармен әзілдесіп, өткен-кеткенді әңгіме етті.

–Бүгінде өңірдегі Ұлы Отан соғысына қатысқан әйелдерден қалғаны мен ғана. Ертеректе көп едік қой, шіркін... Әр мереке сайын мені ұмытпай, көңіл білдіріп жүретіңдерін үшін ризашылығымды білдіремін. Денсаулықтарыңды күтіңдер. Сендер ел болашағысындар. Сондықтан, жауынгерлік денсаулықтан басқасын тілемеймін де, - деген Нина Степановна аяғынан тік тұрып, қонақтарын шығарып салды.

Суретті түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары