21 мың теңге: КІМ, ҚАШАН, ҚАЛАЙ АЛАДЫ?

«Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы аз қамтылған және көп балалы отбасылар тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында елеулі мемлекеттік бастамалар ұсынды. Олар халықтың әл-ауқатын жақсартуға тиімді ықпал етеді.

Біріншіден, күнкөрі­сі төмен, оның ішінде көп балалы от­ба­сы­ларды  қолдау шараларын қам­ту мен кү­шейтуді кеңейту қолға алын­бақ. 1 шіл­­деге дейін күнкөріс деңгейі 14 830 тең­ге болады, ал 1 шілдеден бастап 20 789 теңгеге көбейеді. Бұл 18 жасқа дейін төленеді. Егер балалар оқитын болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Бұған қоса, ата-анасының табыстары күнкөріс деңгейінен кем болса, қосымша жәрдемақы төле­неді. Егер бұл көмекті осы уақытқа дейін 570 мың адам алып келсе, енді 260 мыңға көбейіп, яғни 830 мың қазақстандықтың әлеуметтік көмекті алу мүмкіндігі болады. Бір от­ба­сын мысалға келтірсек, 4 балалы жал­ғызбасты отбасы делік. Егер 1 шіл­­деге дейін табысы жоқ болған соң от­басы 63 мың теңге атаулы әлеу­­ме­ттік көмек алатын болса, 1 шіл­де­ден бастап бұл 40 мың теңгеге кө­бе­йе­ді. Яғни, 103 945 теңге болады. Ал қосымша төлемдерді есептегенде от­­ба­сының жалпы бір айлық табысы 114 448 теңгені құрайды.

Балаларға берілетін 21 мың теңге­ден бөлек, ата-анасына да қосым­ша ақы төленеді. Осы уақытқа дейін атау­лы кө­мекті бір адамға шаққанда күн­­көріс дең­гейінің 50 пайызынан, яғни 14 849 теңге­ден аспайтын отбасылар алса, енді Прези­дент тапсырма­сы бойынша аталған көрсет­кіш 70 па­­йызға, яғни 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, көп балалы от­ба­сының жалпы табысын әрбір адамға бөлгенде ақшаның сома­сы күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, яғ­ни 20 789 тең­геге жетпесе, әр ба­лаға 21 мың тең­ге­нің жәрдемақысы бе­ріледі. Егер от­басы­­ның әр мүше­сіне шаққанда табыс күн­­көріс дең­­гейінен (70 пайыздан) төмен бол­са, айыр­­машылық 10 мың теңге бо­ла ма, 7 мың теңге бола ма, ата-анасына қосымша тө­­ленеді.

Одан кейінгі ең үлкен жеңілдік, бұ­­рын табысты есептегенде «Алтын алқа», «Күміс алқа», көп балаға берілетін жәр­де­м­ақы, мүгедектердің жәрдемақысы мен сти­пендиясы саналатын. Енді оның бәрі есепке алынбайды. Барлық заңдар мен қаулыларға өзгеріс енгізуіміз керек. Сөй­тіп, оның барлығын Парламентке өт­кіземіз. Жәрдемақы 1 шілдеден бастап төлене бастайды.

Бердібек САПАРБАЕВ,

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Egemen Qazaqstan

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары