Зеңбіректің ішінде сыр жатыр

Мұражай – өткеннің естелігін бүгінге жеткізетін киелі орын. Өткеннің тарихын білу – ұрпаққа аманат етілген парыз. Ізденгенге ілімі мол, сұрағанға сырын шерткен дүние. 

Осы орайда күні бұрын Жеңіс саябағынан қоныс тепкен «Даңқ» залында «Марс операциясы» бойынша тарихи жәдігерлерді музейге қою рәсімі өтті. Мұндағы арнайы ашылған естелік бұрышы 39-шы Калинин майданының  құрамында 100-ші және 101-ші ұлттық атқыштар бригадасында ерлікпен қаза тапқан Сәлем Смайлұлына арналған. Көрмеге батырдың ұлы, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Жақсылық Сәлемов пен жақын туыстары арнайы шақырылды. Онда қойылған ұрыс кезінде қолданылған снарядтар, шлем, сапер күрегі, медальдар белдігі мен осыған тиісті жазба деректері құдды жауынгердің бейнесін сипаттап тұрғандай. Ресейден әкелінген бұл жәдігерлер қазір осы мұ­ра­жайдың төрінде сақтаулы тұр. 
Кешке арнайы шақырылған қоғамдық бірлестік пен БАҚ өкілдері көрмені тамсана тама­шалады. Бірақ олар әйнектің арғы бетіндегі алыстан менмұндалаған зеңбіректің ішкі сырынан бейхабар. Олай дейтініміз, сол зеңбіректің ішінде Сәлем атаның топырағы сақтаулы тұр. Денесі туған жерден жырақта жатқан баласы үшін бұл қасірет емей не?! 
Әкесі жайлы естелігімен бөліскен Жақсылық ата: «Әкемнің соғыстан жеткен хатында «1942 жылдың қысы қатты болды. 37-39 градус аяз. Қардың қалыңдығы бір жарым метрге жетеді. Жер қатып қалған, тоң. Окоп қазуға әл бермейді. Жау оғынан қорғанатын ешқандай мүмкіндік болмады, қарды тасалаумен шектелдік. Жылы киім, фуфайка, пима жетпей жатты. Әскери дала асханасы қардың қалыңдығынан алға жылжи алмады, үздіксіз атыстан көлік, ат-арба қатынасы тиылды. Біздерге қатқан нан, консерві секілді азық-түлікті аспаннан ұшақпен тастады. Азық-түлік қар астына түсіп, көміліп жатты, оны іздеп-табудың өзі бораған оқтың астында тәуекелге барумен тең еді», – деп көз жанары жасқа толды. 
Осы орайда бұдан тура 10 жыл бұрын «Марс операциясы» бойынша мәліметтерді іздеуде аянбай тер төккен ұйымдастырушы, жоба жетекшісі Алия Арзымбетова бастаған «Жамбыл облысы жастар ұйымдары қауымдастығының» еңбегі орасан зор. Олардың Ресейдің Ржев-Зубцово-Вязьма-Белый-Оленин-Блиханов өңірлеріне барып тарих қойнауын ашқан жұмыстары бүгінгі жастарға патриоттық рух беріп, соғыстан оралмаған боздақтардың ұрпақтарына қуаныш сыйлап отыр. Ржев асуы аталған «Марс операциясы» туралы құжаттар ұзақ жыл бойы құпия сақталып келді және аз зерттелген. Алайда, соңғы уақыттарда баспасөзде жарияланған ақпараттардан там-тұмдап болса да деректер келтіруге болады. Сол жақтың куәгерлері бұл өңірді «Қара жер қарс айырылғандай шайқаста ақ қардың беті адам өліктеріне толғаны соншалық, жер беті аяқ алып жүргісіз, қыршын солдатты көметін бос топырақ табылмай, қан судай ағып, жас та нәзік денелер бірінің үстіне бірі үйіле берген» деседі. 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары