Жөнсіздікке жол бермеу мақсатында

Таяуда аудандық орталық кітапханада №1 орта мектеп пен кітапхана қызметкерлерінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

Кітапханашы Нұрипа Манабаева жүргізген басқосуға АПБ ЖПҚ ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы Темірхан Бейсекеев, №1 орта мектеп директорының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бауыржан Шарипов, Т.Тоқтаров атындағы орта мектеп директорының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айдын Оспанқұлов, аудандық білім бөлімінің бас маманы Алтын Ғазизқызы және жоғары сынып оқушылары қатысты.
«Әрбір адамның өмірде толыққанды тұлға болып қалыптасуында құқықтық тәрбиенің алар орны ерекше. Қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Тәртібі қиын баланың есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретіндігін өмірдің өзі көрсетуде. Осы тұрғыда ауданда, мектептерде қандай іс-шаралар атқарылуда?» – деген кітапханашы құқық бұзушылық бойынша белгіленген баптарға тоқталып, шараға келген қонақтарға сөз берді.
Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік жайында сөз алған Темірхан Әмірханұлы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта жүрмеуі, көпшілік орындарда мәдениетті сақтау, ұсақ бұзушылық жасамау, мектептен қалмау, сондай-ақ мұндай әрекетке барған 16 жастағы жасөспірімдерге заң бойынша қылмыстық хаттама толтырылатыны, жауапкершілікке тарту ісі қаралғанын тілге тиек етті. Республика бойынша рұқсат етілмеген сайттарға кірмеу туралы деректерден мысалдар келтірді. Ал жоғары сынып оқушылары полиция инспекторының мәліметтеріне сәйкес сұрақтарына нақты жауаптар алды.
Соңынан қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Ақдана Құрымбаева кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары