Жыры әлемді шарлаған

Қазақ халқы ежелден қара сөздің қаймағын қалқып ішкен, қара өлеңді қарша боратып, жырдан нөсер жаудырған от ауызды, орақ тілді ақындардан кенде емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Жамбыл Жабаев. 

Жамбыл Жабаев 1846 жылы Жамбыл облысы Шу өзені бойындағы Жамбыл тауының етегінде ақпанның боранды күнінде дүниеге келген. Қараша халық бірде аш, бірде тоқ болып өлдім-талдыммен күнелтіп жүрген қиын-қыстау кезеңде туған ақын ел өмірінің жанды картинасын өлеңмен өрді. Ғасырлық ғұмырында жыр алыбы ғана емес, «ХХ ғасырдың Гомері» атанды. Халық поэзиясы арқылы қазақ халқын әлемге танытты.
Ұлт әдебиетінің алыбы, айтыс өнерінің майталманы болған Жамбыл Жабаевтың есімі ешқашан жұрт жадынан өшпек емес. Құлманбетпен, Айкүміспен және өзге де сол дәуірдің мықтыларымен сөз қағыстырып, тарихта есімін алтын әріптермен қалдырған Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отыр.
Осыған орай аудан тұрғындары жыр алыбы дүние есігін ашқан күні орталық алаңдағы абыз ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етуді дәстүрге айналдырған. Сол дәстүр биыл да жалғасын тапты. Орталық алаңда өткен салтанатты жиынға келген халықтың қарасы қалың болды. Алдымен аудан әкімі Сәкен Арубаев бастаған топ ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. Гүл қою рәсімінен соң Сәкен Қаланұлы сөз алып, абыз ақынның ғибратты ғұмыры, өлмес мұралары жайында салмақты сөз қозғады. 
– Қазақ әдебиеті шежіресінде Абай Құнанбаев қазақтың жазба әдебиетінің негізін салған ұлы тұлға болса, Жамбыл Жабаев кеңес халық ақындарының атасы, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ақын. Жыр алыбы Жамбыл Жабаев есімінің бүкіл жер шарын шарлаған кезі – жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарының ортасы. Оның өлеңдері Азия мен Еуропа және басқа да континенттер ұлттарының елу шақты тілдеріне аударылды. 
Жамбылға деген құрмет ол өлеңге, жырға деген құрмет екені даусыз. Қазақтың түпсіз терең тарихында есімі білдей бір облысқа берілген жалғыз ақын – Жамбыл Жабаев. Тек қазақтың ғана емес, әлем тарихына көз жүгіртсек, облыстың атын иемденген ақындар некен-саяқ. Жамбыл бізге сонысымен қымбат, сонысымен ардақты. Биыл көзі тірісінде лайықты құрметке ие болған ақынның туылғанына 175 жыл толып отыр. Осыған орай ауданда «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты облыстық ақындар айтысын өткізу, түрлі ауқымды шаралар ұйымдастыру жоспарымызда бар. Олардың бірқатары күні кеше бастау алды. Сонымен қатар, алдағы уақытта жыр алыбының құрметіне Жамбыл ауылынан 100 орындық жаңа мектепті халық игілігіне бергелі отырмыз, – деді аудан әкімі.
Бұдан кейін қазыналы қария Бейсенбек Асқаров көпшілікке ақ батасын беріп, жерлестеріне Жамбылдың жасын берсін деп тілек білдірді.
Соңынан көпшілік аудандық Мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған сахналық қойылымды тамашалады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары