Жердің жаңару мерекесінің дүбірлі тойы

Наурыз тойының екінші күні ауданның өнерлі тұрғындары алаңды дүбірге бөледі. 
 

Наурыз – Иран және мұсылман түркі халықтары ықылым замандардан жыл басы ретінде тойлап келе жатқан ескі мереке. Әз Наурыз – алты ай қыс артынан жер-жаһанға жан бітіріп, тіршілік тынысын кеңітетін жарқын күн. Бұл күн – жаңарған табиғатпен бірге өміріміз, жан дүниеміз жаңғыратын күн, ой-ниетіміз бен жүрегіміз тазаратын күн. Бұл – кешірім мен түсіністіктің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен мейірімнің мерекесі. Бұл күні табиғат пен қоғамда ұлы өзгерістер орын алып, теңдікке, жақсылыққа, жаңаруға қарай қадам жасалады.
Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Мифологиялық наным бойынша 21-наурыздың түнінде даланы Қызыр баба аралайды. Жаңаның хабаршысы, жақсылық жаршысы Әз Наурыз қазақ елі үшін қашан да қасиетті, киелі саналған. Алдағы жылдан үмітті пенде пейілді кеңге салып, жақсылық жоралғысын жасайды: үй ішін, қора-қопсысын тазартып, жаңа киімдерін киіп, көрші-қолаң, ағайын-туысты Жаңа жылмен құттықтайды. Ер азаматтар қос қолдасып амандасып, төс қағыстырса, әйелдер жағы құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады, арнайы даярланған дастарқаннан дәм ауыз тиюге, наурызкөже ішуге шақырады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз-жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. 
Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан – тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрі халық ойындарымен (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, айқыш-ұйқыш, ақ серек пен көк серек, алқа қотан, т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, кешке қарай алтыбақан айналасындағы тамашаға жиналады. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.
Наурыз тойының екінші күні ауданның өнерлі тұрғындары алаңды дүбірге бөледі. 
22 наурыз күні мерекелік шаралар таңертеңгі сағат 10-да басталды. Мерекенің бас ордасы болған орталық алаңда екі күн бойы 5 киіз үй тігіліп, негізгі концерттік бағдарламадан бөлек театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Әр киіз үйдің жанында балалар алтыбақан тебіліп, әртістер өнер көрсетті, жәрмеңкелер өтті. 
Айыртау балалар үйінің ұжымы бір киіз үйде бесікке салу дәстүрін көрсетті (суретте). Бұнда бесік жабдықтарын әзірлеуден бастап, қыз бала мен ер баланың жастығының астына қамшы мен айна салу туралы наным-сенімдеріне де тоқталып, көрсетті. 
Киіз үйдің жанында асүй орна-тылып,аудандық мәслихат депутаты Ақмолдин Еркіннің ұйымдастыруымен ыстық бауырсақ пен палау пісі-ріліп, алаңда жиналған халыққа ұсынылды. 
Білек күшін ойнақтатқан жампоз жігіттер жілік жарудан жарысқа түссе, балалар асық ойынының көрігін қыздырды. 
Наурыз тойында әнші, биші, күйші өрендер сазды әуендерімен жұрттың делебесін қоздырды. Осылайша, Ұлыс күні екі күн бойы толастамай, халықты қуанышқа бөледі. Осынау игі шара әр ауылда жалғасын тапты.
Ынтымағы жарасқан көп ұлтты елiмiздiң осы бiрлiгiн ұзағынан сүйiндiргей! Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! 
 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары