ЖАҢА ӘЛІПБИ – ТАҢДАУДЫҢ ЖАРҚЫН НӘТИЖЕСІ

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тіл»

А.Байтұрсынов

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тіл»

А.Байтұрсынов

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласында таяу жылдардағы міндеттер бөлімінде «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.

Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатыны белгілі. Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылған. Сан ғасырлық тарихы бар Қазақстанда  ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсыновтың ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп жасалған, араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылған.

1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдап, латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылған.

1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.

Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келеді. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы мәселе кешелі-бүгін ғана көтерілген мәселе емес. Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болғалы бүгінгі күнге дейін өзекті күйінде талқыланып, ғалымдар електен өткізіп келеді. Дамудың жаңа кезеңіндегі асқан өзектілігімен әрі маңыздылығымен ерекшеленетін жолдау барған сайын арта түсіп, дәлелі ретінде 2018 жылдың 19 ақпанында  Мемлекет басшысы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшу туралы» Жарлыққа өзгерту енгізіп, жарлықпен бекітілген латын графикасына негізделген 32 латын қарпінен тұратын қазақ тілі әліпбиі жарыққа шықты.

Латын әліпбиі Рухани жаңғыру бағдар­ламасының негізгі жобасы және заманауи қоғамның сұраныстарын қанағат­тан­ды­ратын жаңаша бетбұрыс.

Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиі цифрлануда, қарыштап дамыған ақпараттық- коммуникациялық технологияны игеруде, әлемдік кеңістікке шығуға жол ашады. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін  2016-2017 оқу жылының 1 сыныбынан бастап, яғни латын әріптерін үйреніп жатқандығы мәлім. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық пен кедергілер болмасы сөзсіз. Қазірдің өзінде үш тілді тіпті одан да көп тілді меңгерген жастарымыз білім кеңістігінде өз деңгейлерін көтеріп, дәлелдеп жүргендігі айдан анық.

Компьютер заманында интернет жүйе­сінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігі белгілі. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирилл, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды келтіре келе, яғни латын әліпбиі бізге жат емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал оның тиімді тұсы тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік алып, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап оқыту үрдісін жеңілдетеді.

Сайып келгенде, ана тіліміздің бола­шағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым мен жазылым талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашары сөзсіз.

Н.Арзиева,

Қазалы аудандық білім бөлімінің әдіскері.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары