«Зере әженің ізімен»

Абай әлемінің мың сан арналы бағыт-бағдары, қазақ сөзінің құдіреті мен қасиеті, ондағы ұлттық-қоғамдық, тарихи-фәлсафалық, мәдени-рухани һәм танымдық-тәрбиелік мәні мол мүмкіндіктері мен сыр-сипаттары қазіргі кезеңде де маңызы мен құндылығын жоғалтқан жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай мұрасын мына жаһандану заманында халқымызды, әсіресе, жастарды тәрбиелеуге қалай пайдалануға болады деген сұраққа бүгінгі уақыт, заман талабы тұрғысынан жауап берілген. Президент бұл жөнінде: «...Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады», – деп анық айтқан. 
Абай Құнанбайұлы кішкентайынан әжесі Зеренің тәлімін алып, өсе келе сол арқылы адам бойынан көрінетін ұлы қасиеттерді дәріптеді. Ал, сол қасиеттерді біз дұрыс бағалай алып, бойымызға сіңіре білсек, еліміздің нағыз рухани, мәдени болмысы байқалмақ.
Осы орайда Абай шығармаларын насихаттап, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында Б.Тайшапұлы атындағы орта мектеп жанынан ашылған «Мейірім» шағын орталығының тәрбиешісі Гүлжан Жолдасбекова Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Зере әженің ізімен» атты әжелер сайысын ұйымдастырды.
Сайысқа қатысқан әжелер – Бибісара Партенова немересі Нұргүлмен, Күлшира Сыздықова немересі Айсарамен, Назира Әбілдаева немересі Мұрагермен, Шолпан Тоққошқарова немересі Нұршуақпен, Ләззат Төкеева немересі Іңкәрмен бірге 5 бөлім бойынша сынға түсті. Олар «Таныстыру», «Абайдың қара сөздері», «Ертегілер елінде», «Шебер қолдар», «Қазақтың салт-дәстүрлері» кезеңдеріне жоғары дайындықпен келгендерін байқатты. «Тұсау кесу», «Бесікке салу», «Құрсақ шашу», «Қымызмұрындық» секілді салт-дәстүрлерді сахналап, ұршық иіру, текемет басу, ою-өрнек жасау, құрақ көрпеше, сырмақ түскиіз жасауда шеберліктерін танытты.
Сайыс соңында әжелер арнайы Алғыс хаттармен марапатталып, оларға құрмет көрсетілді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары