Үздіктер анықталды

Дүйсенбі күні Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияда ау­дан әкімдігі білім бөлімінің ұйымдас­тыруымен «Қожа Ахмет толғасын...» атты өнер мен білім байқауы өтті.

Дүйсенбі күні Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияда ау­дан әкімдігі білім бөлімінің ұйымдас­тыруымен «Қожа Ахмет толғасын...» атты өнер мен білім байқауы өтті.
Қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастыруда аты әлемге танылған Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен хикметтерін насихаттап, дарынды оқушыларды анықтау мақсатында өткен байқауға аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Айгүл Бақытжанқызы, ардагер ұстаз Төлеген Үрістенбеков, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Светлана Құлбарақова қазылық етті.
Байқау барысында оқушылар «Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым» бөлімі бойынша ақынның өмірі мен білім алған ортасы жайында берілген сұрақтарға жауап берді. «Хикметтерім – бар ғаламның дастаны» атты кезеңінде Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін жатқа айтудан сынға түсті. Ал, «Хақиқаттың дариясынан терген маржан» деп аталатын бөлімде үміткерлер «Ахмет Ясауидің шәкірттері», «Даналық кітабы», «Ахмет Ясауи мен Абай үндестігі» тақырыптары бойынша слайд арқылы таныстырылым жасап, өзара зеректіктерін байқатты.
Нәтижесінде, Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармаларын терең меңгеріп, қатарынан озып шыққан Б.Кейкиев атындағы орта мектептің оқушысы Ақтілек Орынбек бірінші орынды жеңіп алды. Ал, ақынның хикметтерін, өлеңдерінің Абай өлеңдерімен үндестігін зерттеуде табандылық танытқан Әйгерім Оразбаева (Чкалов атындағы орта мектеп) мен Назерке Төлебай (№1 орта мектеп) екінші орындарды иеленді. Ақынның шығармаларына терең талдау жасай білген Индира Орынбасар (Бірлесу-Еңбек) мен Ақбота Оралбай (Айшабибі) және Нұрай Шадиярқызы (Ә.Әйтиев) үшінші орындарды қанағат тұтты.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары