Ұлттың ұлы қасиеттерін айшықтайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы – түйсігі бар кез келген адамды терең ойландыратын, ойландырып қана қоймай, тәрбие, тағылым беретін рухани бағыттағы бағдарламалық мақала.

Аталған мақалада Абай мұрасының тигізер пайдасының зор екендігі анық. Ғұлама, ойшыл, данагөй Абай өлеңдерінің маңызы зор, онда ақынның бүкіл өмірі бейнеленген, жарқын болашағы мен армандары туралы баяндалады. Оның уайымы қазіргі заманға сай келеді. Халықты адамгершілік, имандылық, гуманизм және бейбітшілік мәселелері әлі күнге дейін алаңдатып отыр. Осы тұрғыда Президентіміз хакім Абайға «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» деп жан-жақты нақты баға береді.
Айталық, «Ұлттық болмыстың үлгісі» бөлігінен қоғам мен заман шындығы, адам болмысы мен дүниетаным арналары кең орын алады. Қазақ қоғамын дамыту, ел-жерге қызмет ету, мақсатты биікке ұмтылу мұраттары адамдық борыш, білім-ғылым ісімен байланыстырылып, оны дамыту мен жетілдіру жолдары Абайдың шығармашылық мұрасымен сабақтастықта сөз етіледі.
Білім беру саласын заманға сай дамытып, жетілдіру жолдарына ден қойылды. «Педагог мәртебесі туралы» Заңының осы бағытқа арналғаны, ұстазға құрмет пен мұғалім мамандығын құрметтеу қажеттілігі айтылады. Бұл бағытта ана тілін дамыту мен дәріптеу жайы, көп тілді білу мен меңгеру мәселелері де кеңінен қозғалады. Ақыл-парасатқа кең өріс ашу, сананың ашықтығын қамтамасыз ету, ерлік пен елдікті қадірлеу, ұлттық патриотизмді қалыптастыру, өркениеттің озық тұстарына батыл қадам жасау қажеттілігі – Абай мұрасына ден қою мен оны оқып-үйрену, зерттеп-зерделеу, тану ісінде маңызды болатындығы баса көрсетіледі.
Қазір – ғылым мен білім заманы. Ал, ғылым мен білім маңдай терлемей келмек емес. Осыны ұққан алаш азаматтары о бастан ғылымға шөліркей ұмтылған. Абай айтқан өсиеттер ешқашан ескірмейді, қайта маңызын жоғарылатады. Президент: «Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары деңгейде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз», – дейді.
Ендігі жерде ұлтымызды әлемге Абай арқылы таныту, жаңа ғасырдағы Қазақстанның, жас ұрпақтың кескін-келбетін, бағыт-бағдарын Абай мұрасы мен өнегесінің негізінде қалыптастыруға күш салып, еңбектенуді басты міндет етіп ұстайық.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары