Ұлы дала жыршысын жырлады

Еліміздің тарихында бір дәуірде дүниеге келіп, халқымыздың рухани тұғырына айналған екі тұлға бар. Бірі абыз Абай болса, енді бірі – жыр алыбы Жамбыл. Қос бәйтеректің де өлеңдері өзектес, тақырыптары тамырлас келеді. Екеуі де халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады, елдің еңсесі биік болса деген асыл мұратын жырларына арқау етті. Өткен жылы ұлы Абайдың 175 жылдығын ел болып атап өтсек, ұлы Жамбылдың биылғы мерейтойы осынау рухани игіліктің жарасымды жалғасы іспеттес.

«Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» деп жырлаған ұлы жырау халықтың ғасырлар бойғы көкейінде жүрген арманын өлеңмен жеткізді. Жамбыл бабамыздың ұшан-теңіз шығармашылық мұрасы – халқының талайлы тарихы мен шынайы өмірінің айнасы. «Қазақтың Гомері» атанған ақынның эпикалық дастандарынан, айтыстары мен жыр-толғауларынан біз ұлтымыздың өзіндік болмысын, өмір салтын, көркемдік дүниетанымы мен арман-мақсаттарын танимыз. Әсіресе, «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт» деп жырлаған Жамбыл шығармашылығынан еліміздің бүгінгі бейбіт тірлігі мен берекелі бірлігін көргендей боламыз. Жамбыл шығармаларының негізгі идеясы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қарышты қадамдарымен, жасампаз істерімен үндесіп келеді.
ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес, мәдени мұрасының көрнекі тізіміне енген халқымыздың айтыс өнерін мазмұн мен түр жағынан байытып, оны биік көркемдік деңгейге көтеруде Жамбыл Жабаев аса дарынды айтыскер ақын ретінде айтулы үлес қосты. Ақын шығармаларының биік шоқтығына айналған Құлманбетпен, Сарыбаспен, Майлықожамен, Айкүміспен, Шашубаймен айтыстары ұлтымыздың суырыпсалмалық өнерін жаңа биікке шарықтатты.
Күні кеше аудан әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығында» жергілікті жас оқырмандар арасында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала жыршысы» аудандық мәнерлеп оқу байқауы өтті. Байқауды аудандық орталық кітапхана сөз мәйегін кие тұтқан абыз жыраудың өмірі мен шығармашылығын, рухани бай мұрасын жастарға насихаттау мақсатында ұйымдастырды. Оған 10-15 жас және 20-35 жас аралығындағы оқырмандар қатысып, «Кітап және оқырман», «Тыңда, дала, Жамбылды», «Әлем ақыны» секілді кезеңдер бойынша өнер көрсетті. Сахнада өздерін таныстырып, ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, өмірі мен шығармашылығы туралы қойылған сұрақтарға жауап берді.
Үш кезеңнің арасында М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің өнерпаздары «Адай», «Ерке сылқым» күйлерін орындап, арты шағын концертке ұласты.
Байқауда қазылық еткен Аса ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сәрсен Күзербаев, «Жамбыл» телеарнасының тілшісі Мухаббат Алиханова, газетіміздің тілшісі Ақжігіт Жетпісбай қатысушыларды дауыс ырғағы, орындау шеберлігі, сахна мәдениеті сияқты критерийлер бойынша бағалады.
Нәтижесінде, 10-15 жас аралығында Дильназ Маккам бірінші, Алина Айдаралиева мен Зәуре Әубәкір екінші, Алдияр Тамабек пен Жанболат Бақытұлы үшінші орындарды иеленді. Ал, 20-35 жас аралығында бірінші орынды Айман Найзабаева, екінші орынды Гүлнұр Ботаева, үшінші орынды Гүлшат Жондикова иемденді. Қос жеңімпаз облыстық байқауға жолдама алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тиесілі диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Сөз зергері Мұхтар Әуезов «ақындардың ақыны айдын көлдей ақылы» деп атаған Жамбыл Жабаев шығармаларына бүгінде терең бойлап, оның әр сөзінің салмағын сезініп, тәуелсіздік тұрғысынан бағамдап келеміз. Жамбыл өмірі – ол халық өмірі, ұлт тарихымен тамырлас тамаша тағдыр. Жамбыл шығармашылығы – Ұлы дала елінің ұлағатты қазынасы. Айтулы шарадан түйген ойымыз осы.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары