Ұлы дала өркениетінің жетістігі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында көптеген жұмыс атқарылуда. Әсіресе, еліміздегі тарихи-мәдени нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары ерекше қарқын алған.

Тұңғыш Президентіміз аталған мақаласында: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейліктің басты элементтерінің бірі», – деп өрелі ой қозғап, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаны қолға алу қажеттігіне екпін түсірген болатын. 
Бүгінде аталған жоба шеңберінде жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Ауданымызда да киелі жерлер баршылық. Соның бірі – Ақбұлым ауылының солтүстік-шығысына қарай, Алатаудың солтүстік баурайындағы тау алды жазығында, Тараз-Алматы республикалық автокөлік жолынан 0,5 км оңтүстікте орналасқан қорым. Мұнда аумағы 8-95 метр, биіктігі 0,4-8 метр болатын обалар екі қатар болып орналасқан. 1861 жылы П.И.Лерх ашқан бұл қорымды 1890 жылы Е.Ф.Каль, 1985-1986 жылдары П.Е.Қаратаев, Р.Б.Исмагилов зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізген. Ал, 2012 жылы облыс әкімдігі мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-нің тапсырысымен «Археологическая экспертиза» ЖШС (жетекшісі Д.Воякин) екі обада археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, 49 дана саф алтыннан жасалған, зергерлік, әшекей бұйымдарын тапқан болатын. Табылған заттай деректер осы өңірде, ерте темір дәуірі кезінде өмір сүрген ұлы дала халқы өркениетінің қайталанбас мұралары болып табылады. 
Ерте темір дәуірінің кезіндегі ру-тайпалардан қалған басты ерекшеліктердің бір түрі – Қазақстанның барлық жерінде кездесетін төбе болып жатқан обалар. Төбелі обалар ерте темір дәуіріне қатысты археологиялық ескерткіш ретінде, дүниежүзілік және жеке қазақ халқының ұлттық тарихы мен мәдениетінде алатын орны ерекше маңызға ие ескерткіштер. 
Қорым – ертедегі ғұрыптық жерлеу орны. Ол тастан қаланып, кейде топырақтан тұрғызылған немесе қиыршық тастан үйіп жасалған бірнеше обалардан, қорған-қоршаулардан тұрады. Үйінді астында тас жәшік, циста, ағаштан жасалған төртбұрышты немесе дөңгелек саркофагтар да кездеседі. Мұндай жерлеу орындары көбіне шығыстан батысқа қарай қатар орналасады. Қорымдардағы ескерткіштер мен табылған әшекей заттар, бұйымдар байырғы тұрғындардың әлеуметтік даму деңгейін, дүниетанымын, қоғамдық қатынастарын анықтауға мүмкіндік береді. Ескерткіштерді зерттеу барысында мемлекет аумағында біздің заманымыздан бұрынғы VIII-VI ғасырларда дамыған өркениеттің және табылған бұйымдар жоғары сапалы шеберлікпен ерекшеленетін зергерлік және ұсталық өнердің болғандығы дәлелденді. Сонымен қатар қорғандардың архитектуралық құрылысының күрделілігі сол дәуірде еліміздің аумағында құрылыс пен сәулет өнерінің жоғары деңгейге жеткендігін айғақтайды. 
Еліміздің әр түкпірінде ғасырдан ғасырға жалғасып, өз құндылығын жоймаған киелі орындар жетерлік. Сондай нысандарды көздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпаққа насихаттау – бәрімізге ортақ міндет. 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары