Тіл – ұлт байлығы, халық қазынасы

Бүгін – Қазақстан халықтарының тілдері күні мерекесі. Бұған дейін 22 қыркүйекте атап өтілетін мереке, 2017 жылы Үкімет басшысының «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» Қаулысына сәйкес 5 қыркүйекке ауыстырылды.

Атаулы датаның өзгеру себебі – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. Осы күні барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде тілдер мерекесін тойлайды.
Ауданымызда тілдерді дамыту саласында айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатқандығы баршаңызға мәлім. Мемлекеттік тілді дамыту және үштұғырлы тіл саясатын насихаттау жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Атап айтсақ, бүгінде Қазақстан Республикасында тілдерді қолдану мен дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы аясында аудандық жоспар бекітілді. Аталған жоспардың мақсаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және тілдерді насихаттау болып табылады.
Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» бөлімшесі ауданымызда тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде. Аталған орталықта бүгінге дейін қазақ тілі бойынша – 59, орыс тілі бойынша – 13, ағылшын тілі бойынша – 21 және латын қарпіндегі қазақ тілі әліпбиі бойынша 28 адам оқып шықты. Қазіргі таңда тағы 13 адам қазақ тілінде дәріс алуда.
Бөлім тарапынан көрнекі ақпараттардағы тіл сауаттылығына баса назар аударылып, ағымдағы жылы аудан көлемінде 1 зерделеу, 1 рейд, 2 айлық, 1 акция ұйымдастырылды. Анықталған бірқатар кемшілік түзетілді. Сондай-ақ, ауданымыздағы кәсіпкерлік субъектілеріне, жарнама агенттіктеріне әдістемелік көмек көрсетіп, бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. 
Жыл сайын облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өтетін түрлі байқауларға жерлестеріміз белсенді қатысып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Қазақ тіліне байланысты тағылымды шаралар облыста ғана емес, ауданда да жалғасын табуда. Аудан аумағында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар өтуде. Оған аудан тұрғындары біркісідей жұмылуда. 
Қазақстан халықтарының тілдері күні мерекесіне орай бөлім тарапынан іс-шаралар жоспары бекітіліп, онлайн форматта түрлі іс-шара өткізілді.
Тіл – ұлт байлығы, халық қазынасы. Мемлекеттік тіл Қазақстан халқының біртұтастығының кепілі әрі айнымыс тірегі деп есептеймін. 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары