ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Жуырда ауданымызға облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Зарина Қуатова мен «Аспара» колледжінің құрылтайшысы, «Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері, ғылым кандидаты, өнертану доценті, 70-ке жуық имидждік және маусымдық топтамалардың авторы Айдархан Қалиев арнайы келіп, Аса ауылындағы жаңадан ашылған «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталы­ғының» жұмысымен танысты. 

Оларға орталықтың негізгі бағыты туралы мағлұмат берген аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов балалардың сурет салып, математика, ағылшын тілін үйреніп, ғылыми жұмыспен, робототехникамен, аспазшылықпен айналысып, заманауи технологияларды игеруіне жағдай жасалғанын айтып, пән бөлмелерін көрсетті.
Орталық директоры Салтанат Құрманованың айтуынша, 1400 балаға арналған орталықта 23 педагог техникалық, көркем эстетикалық, тілдік, биологиялық-экологиялық, сәндік қолданбалы, кәсіптік бағдар беру бағыттары бойынша дәріс береді. Орталықта балалардың функционалдық сауаттылығын арттыру, шығармашылық дағдыларын қалыптастыру, кәсіби бағдар беру мақсатында техникалық үлгілеу, әуе үлгілеу, кеме үлгілеу, автокөлік ісі, робототехника, қызықты математика, тағам дизайны, аспазшы кондитер, жас суретші, саздан бұйым жасау технологиясы, стоп кадр студиясы, ағылшын тілі, сөйлеу шеберлігі, жас биолог-эколог, химия, киім үлгілеу және этнодизайн, алғашқы медициналық көмек көрсету үйірмелері жұмыс жасайды. 
Өз кезегінде сөз алған Зарина Пердібекқызы әмбебап орталықтың мүмкіншілігі арқылы салт-дәстүрімізді ұлықтау керектігін айтты.
 – Қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары таңдай қақтырады. Дегенмен қазақы ою-өрнектен жасалған кимешектер мен қыш-құмыраларды меңгеруге арналған сабақтардың сағатын көбейтуіміз керек. Оқушылардың біліктілігін арттыру үшін мамандарды көптеп тарту қажет. Орталық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Тек тиімді пайдаланғанымыз жөн, – деді.
Мұнан соң «Аспара» колледжінің мамандары сазбалшықты қолдану, тоқыма тоқудың сан түрлі әдістерін көрсетіп, тәжірибе алмасты.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары