Сара апай 50 кітапты сыйға тартты

Негізі, бір отбасынан екі бірдей Қазақстан Жазушылар одағы мүшесінің шығуы ілуде біреу шығар. Солардың бірі – кезінде аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінде ұзақ жыл жемісті еңбек еткен, марқұм Совет Әлімқұлов және сол кісінің ұлы Бақытжан Советұлы. Бақытжан бүгінде «Жамбыл-Тараз» телеарнасының белді әрі беделді қызметкері.

Қос жазушының қаламынан туындаған кітаптар талай оқырманға рухани азық сыйлағаны анық.
Жазушылардың үйіндегі (Аса ауылында) бір бөлмесін кітапхана дерсіз. Сөре кітапқа тұнып тұр. Іздегеніңізді, яғни, әдеби, тарихи кітаптарды осы жерден табасыз.
Қашандағы әдетпен қос жазушының бірінің жұбайы, бірінің анасы Сара апайдың үйіне сәлем бере барғанда, бізді зор ілтипатпен қарсы алып:
– Бұл кітаптар – өмірсерігімнің көзі. Әр кітапта оның саусақтарының ізі жатыр. Әр кітап құнды дүние. Әрқайсысын екі-үш мәрте оқып шықтым десем де болады. Өкінішке қарай, жасым шау тартқандықтан ба көзімнің көруі, құлағымның естуі күннен күнге төмендеп барады. Оның үстіне, мына кітаптарды жинастырып, күн сайын шаңын сүртіп тұру оңай шаруа емес. Сондықтан ұлдарым Сәулет, Бақытжан және қызым Салтанатпен ақылдаса келе 50 кітапты өзім ұзақ жыл еңбек еткен Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның кітапханасына сыйға тартуды ұйғардым, – деді.
Сара апай Ахметова Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында мектеп басшысы Салтанат Жігітекованың қатысуымен өткен салтанатты кеште мектеп кітапханашысы Роза Сәрсенбаеваға сол кітаптарды табыстады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары