Сахнада – танымдық драма

Атаулы күн аясында өңірімізде Жуалы ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен бірқатар мәдени іс-шара өтті.

Атаулы күн аясында өңірімізде Жуалы ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен бірқатар мәдени іс-шара өтті.
Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығы жанындағы «Жуалы» және «Мыңбұлақ» халық театрының әртістері аудандық Мәдениет үйінің төрінде «Берекең кетсе...» атты діни экстремизм мен терроризмге қарсы мазмұндағы танымдық драманы сахналады. Сценарий авторы әрі режиссері – Ербол Бекжанов. Ерболат Қаттабеков, Есжан Исмайлов, Ержан Сүлейменқұлов, Мәлік Мықтыбеков, Талғат Батыров, Айбар Сәбит, Мадина Сбанбаева есімді жуалылық әртістер басты рөлдегі кейіпкерлерді сомдады.
Оқиға желісі Ерболаттың үйінің ауласында өрбиді. Ахмет ақсақал Ислам дінінің сұлулығы, мінсіздігі туралы тебірене айтады. Өмірдің мәнін тек қана күлу, ойнау деп түсінген Ержан өмірде өз орнын таппай, адасып жүреді. Ерболаттың мырзалығы оған Алланы дұрыс танытады. Ал Ерболаттың інісі Есжан Алланы танығанымен қазақы болмысынан безіп, адасудың алдында жүреді. Намаз оқымайтын адамдарды кәпір санайды. Өзі секілді адасқан досы Мәліктің жантүршігерлік әңгімесінен кейін тәубесіне келеді.
Спектакль барысында үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға деген сый-құрмет, Ислам діні, жат ағым, қазақтың салт-дәстүрлері, ұлттық құндылықтар турасында талас-тартыстар орын алды. 
Танымдық драма «Бетегең кетсе, бел қалады, бектерің кетсе, ел қалады, ал берекең кетсе, нең қалады?!» деген сөздермен түйінделді.
Сол күні Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы өнер мекте­бінде Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығы жанындағы «Зерде» бейнемобиль автоклубы мектеп оқушыларының наза­рына анимациялық фильмдер топта­масын ұсынды. №1, Б.Момышұлы, Ю.Гагарин атындағы орта мектептердің бастауыш сынып оқушылары «Қажымұқан», «Қанатты барыс», «Көне құмыраның сыры» атты анимациялық фильмдерді тамашалап қайтты.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары