Рухани жаңғыру – ұлт негізі

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына биыл үш жылдың жүзі болыпты.

Елбасы бұл мақаласында қазіргі қазақ қоғамының алдына өте үлкен, айрықша маңызды мәселелерді қойды. Абай өзінің әйгілі қара сөздері арқылы қазақты ХХ ғасырға даярласа, Нұрсұлтан Назарбаев ел-жұртты ХХІ ғасырға даярлаудың жолын нұсқады.
Елбасы сөз басын, яғни кіріспеде «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» деп бастаған. Осындағы Біртұтас Ұлт деген ұғымға ерекше екпін бере қараған абзал. Елбасы осыған дейінгі ширек ғасырлық сындарлы саясатында «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген ұстанымды басшылыққа алып келді. Енді, еліміз Тәуелсіз мемлекет ретінде мықтап орнықты. Мемлекеттіліктің барлық атрибуттары қалыптасты. 25 жылдық межеден кейін еліміз жаңа дәуірге – жаңару, жаңғыру заманына аяқ басты.
Біртұтас ұлт болу, бәсекелік қабілетті арттыру, мәдени және сана ашықтығына ұмтылу, қанымызға сіңген, тамырымызда бүлкілдеген ізгі қасиеттерді қайта түлету, қанағатшылдық, қарапайымдылық, үнемшілдік сияқты болмыс-бітімге қол жеткізу – ұлт мұраты. Әсіресе, ұлттық біртектілікті сақтау, ұлттық кодты жойып алмау деген өзекті мәселелерді соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп беруі Елбасы мақаласының салмағын арттыра түседі.
Елбасы сергек саясаткерлігін көрсетіп, Алты алаштың баласына аталы сөз айтты. Қазақ елінің кешегісін бүгінге, бүгінін болашаққа жалғауды мұрат етер рухани жаңғыру хақындағы Елбасы ұстанымы, сөз жоқ, ұлт көсегесін көгерту мен ұрпақ санасын тәрбиелеудің өрісті, өркенді жолы.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары