Рухани өміріміздің мәйегі

Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Мәдениет – адамзат тұлғасы деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Мәдениеттің өзекті бөлігі – өнер. Шынында да, өнер – мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды. Қазақ халқының дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Мәдениет пен өнер – рухани өміріміздің мәйегі.

2013 жылғы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні мерекеленеді. Осы күні мәдениет және өнер саласының қызметкерлеріне жылы лебіздер мен алғыстар айтылады, өйткені рухани байлықты дамытуға және мәдени дәстүрлердің дамуы мен сақталуы ісіне мәдениет саласы қызметкерлерінің қосқан үлесі орасан зор. Сала қызметкерлерінің арқалап жүрген жүгінің салмағы да ауыр, жауапкершілігі де мол.
Жамбыл ауданында мәдениет пен өнер саласы жолға қойылған. Заман ағымымен бірге дамып келеді. Аудан басшылары тарапынан да қолдау көрсетіліп жатыр. Өз кезегінде аудан өнерпаздары түрлі облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, елге танылуда. Облыста – үздіктер қатарында.
Жалпы, аудан бойынша 19 Мәдениет үйі мен ауылдық клуб, 29 кітапхана, 1 тарихи-өлкетану музейі, 1 мемле­кеттік архив, барлығы 50 мекеме халыққа қызмет көрсетеді.
Бұл күнде аудандағы мәдениет үйлерінде 90 үйірме жұмыс істейді. Үйірмелерге 924 адам қатысады. Ауданда ағымдағы жылдың 5 айында 195 мәдени іс-шара өткізіліп, қатысушылар саны 16950 адамды құрады.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап қорында 214169 дана кітап бар. Мемлекеттік тілдегісі – 133169 дана. Оқырман саны – 18965, кітап берілімі – 322055. 2 коворкинг және 18 цифрландырылған ақпараттық орталық жұмыс істейді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары