Өзгеге ұқсамайтын дара құбылыс

1846 жылғы 28 ақпанда Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алған.

Ұлы қазақ даласында сан ғасырлық жолдан өткен жыраулық мектеп бар еді. Асанқайғы, Қазтұған, Шалкиіз, Доспанбет, Жиенбет, Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Қаблиса, Сүйінбай сынды жыраулар өмір сүрді. Ауыз әдебиетінің алыбы Жамбыл Жабаев осы жыраулық мектептің соңғы өкілі десе де болады. Ол «Менің – пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп өмірін өлеңге арнады. Атақты Майкөт пен Құлмамбетті жеңіп, Жетісудың бірінші ақыны атанды. «Елімнің жақсыларын таныстырған, Ой жырым, қызыл тілім, сенің арқаң», – деген Жамбыл баба қандай құрметке де лайық.
Заманымыздың классик жазушысы, атақты Мұхтар Әуезов: «Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі, әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны», – деп бағалаған еді. Жамбыл жырына ден қойған сайын Абай, Махамбет, Жамбыл, Сүйінбай сынды ұлы тұлғаларымызды жадымызда жаңғырту арқылы халықтың санасын, халықтың ойындағы ұлттық рухты тәрбиелеудің үлкен үлгісін қалыптастырамыз.
Жамбыл Жабаевтың туғанына ертең 175 жыл толады. Ұлы Жамбылды Мұхтар Әуезов мойындаған, Сейфуллин сыйлаған, Сәбит Мұқанов ардақтаған, Ғабит Мүсірепов еркелеген, Бауыржан Момышұлы бас иген, Мәлік Ғабдуллин құшағына алған. Ромен Роллан, Михаил Шолохов, Павло Тычина, Николай Тихонов, Константин Симонов сынды әлемдік әдебиеттің өкілдері де ерекше құрметтеген.
Жамбылдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып, дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол 1945 жылы Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.
Жамбыл жырлары – отаншылдыққа, бірлікке үндеудің асқақ үлгісі. Ол Елбасымыз айтқан «Мәңгілік ел» идеясымен жалғасып жатыр. Мәңгілік ел – қазақ елі барда Жамбыл жасай береді, аты асқақтай береді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары