ӨЛЕҢІНІҢ ӨРНЕГІ ӨЗГЕШЕ АҚЫН

Елдің мұңы мен қуанышын, сыры мен салтанатын, сәнін өлеңіне өзек еткен өрнегі өзгеше мен білетін бір ақын ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ондаған жыр жинағының авторы Ғазиз Елеусізбайұлы Ештанаев.

Ақын. Иә, осы бір ауыз сөзде ұлтымыздың өткені мен бүгіні һәм болашағы жайлы жыр толғаған небір данышпан-даналар ойға оралады. Ақындықты Алла береді деп халқымыз шайырларды құрметтеп, қадір тұтқанын да тарихтан белгілі. Сан ғасырда небір аузы дуалы дүлдүлдер өтпеді? Қазақ даласы қашан да от ауызды, орақ тілді ақындардан кенде болған жоқ. Әр ғасырдың, әр кезеңнің жүгін көтерген майталмандардың көші бүгінге дейін жалғасып келеді. Елдің мұңы мен қуанышын, сыры мен салтанатын, сәнін өлеңіне өзек еткен өрнегі өзгеше мен білетін бір ақын ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ондаған жыр жинағының авторы Ғазиз Елеусізбайұлы Ештанаев. Ғазиз ақынның әдемі жырларын оқыған сайын жаның жадырап, жанарың жайнап сала береді. Әр өлеңі – бір әлем. Оның жырларын оқыған сайын бейнебір өзің сол жырды санаңа сыйдырғандай күй кешесің. Айтар ойы көңіліңнің түкіпірінде бұғып жатқан әлдебір жайды алдыңа қайта айналдырып алып келетіндей. «Тамшыда да тағдыр бар» деген өлеңіне қараңыз:

«Көктем қыздың жанары тұр күлімдеп,

Қыс жылайды: «Тағы да өтті күнім»,  - деп.

Өліараның кірпігінің ұшында

Бір тамшы жас дірілдеп», - дейді.

Иә, бір қарағанға көктем мен қысқы маусымның алмасу кезеңін ойға алғандай болғаныңызбен тереңдей үңілсеңіз, жастық пен кәріліктің, қуаныш пен мұңның да өзіндік бір өрнегін байқайсыз. Ару қыз боп күлімдеп келген көктемің – жадыраған жастығың. Аяғы қалтылдап, таяғы тарсылап «Ух, қайран жастығым-ай!» дейтін қарияның көңіл-күйін де байқағандай боласыз. «Өлараның кірпігі» мына тіршілік ертеңгі күнім не болар деп келешекке діріл қағып қарайды. Оны және ақын жырында былайша суреттейді.

«Қыс ызғары қар астында тұншығып...

Көктем ару әлденеге құлшынып...

Екі маусым егесінің куәсі

Көк сүңгінің ұшындағы тіршілік», - дегеніне сүйсінесіз. Сүйсіне тұрып:

«Тіршілікте заһар мұң бар, бал мұң бар,

Дәлдүрішке өмір деген салтанат

Тосатынын қайдан білсін алдын жар.

«Бәрі өткінші» дегенді айтып ұқтырған

Тамшыды да тағдыр бар»,- деп мөлдіреп түскен тамшының тағдыры, жүріп өткен жолыңды ойға еріксіз оралтып әкеледі. Шынында да бір түйір тамшы тіршілктің бар салмағын көтеріп тырс етіп тамып түскенде дүние әлем оның салмағын сезінетіндей. Байқайсыз ба, бір ғана тамшы – бір ғұмыр. Міне, ақынның айтары да айтқысы келгені де бәлкім ғұмырдың әр тамшы сәті бәрінен де бағалы дегенді білдіргісі келген болар. Бұл ақынның тіршілік жайлы жазған бір өлеңіндегі шөкімдей ойдың атан тарта алмас жүкті көтеріп тұрғанын көрсететіндей.

Ақынның жыры қашан да көптің ойымен үндесіп жатады. Екі күннің бірінде «Ой, өмір-ай, ой, тіршілік-ай» деп жатамыз. Бірақ сол тіліміздің ұшында тамсандырып айтқызатын тіршілігіміздің де өлеңмен өрілгенде өзгеше өзгеріп түсетінін кей-кейде аңғара да бермайміз. Ал, оны ақын былай өреді:

«Қабағыңды аш.

Қара бері.

Күлші, үміт,

Не түседі күн батқанмен күрсініп?

Жүрісімен жүйкені жеп болды ғой

Табанына тас байлаған Тіршілік.»,- деп, тіршіліктің де өзіндік бір өлшемі барын асыққаныңмен, аптыққаныңмен өз жүрісінен жаңылмайтын өмір керуені өз жолымен жайлап басып жылжи беретінін ойыңа бір қондырады. Қабағыңды аш, еңсеңді көтер. Дос деген сөзді құлағыңа келіп дауыстап тұрып айтпаса да көңіліңнің төріне кестесі бөлек кілемді көсілтіп жайып салғандай емес пе? Демек, өз байламынан босамайтын тіршілікке жалынба да жалбарынба да. Қайта үмітіңнің отын үрлеп қабағыңды ашып, жадырап жүрып, жарқылдап өмір сүр дегенді ұқтырады. Ақынның бұл айтқаны бір қарағанға адамзат баласының заманнан заман өткеннен бергі алтын уақытыңды аялай біл дегенмен астасып жатқандай. Дәл осылай өзгенің ойын оқып тұрғандай жалпақ жұртқа ортақ үнді жариялай айту, және оны жай «ат өтті, сүйкей салу» емес, тереңдетіп, өрнектеп, өмір жолыңда қажеттілікке жарат деп ұсына білу ақынның ақынына ған бұйыра беретін бақыт десек қателеспейміз.

Асылы, Ғазиз ақын қай өлеңінде болмасын сөз қадірін арттыра білетін, оны бағалай алатын және оған ерекше мән беретін ақын. Әр сөздің бағасын біледі. Өмір сүрудің өзіндік өлшемін өлеңмен өрген ақындар көп. Бәз бір жайда ертеңгі күнге бүгіннен дайындал деп ұран тастайтындар да аз емес. Дұрыс та шығар. Әйтсе де, өмір өзінің дегенін өзгертпейді. Содан да шығар өмір салмағын көтере алмай үгіліп, үмітін үзе бастағандай болып, өзін өзі кіналайтындар да бар. Осындай бір сәттерді ой елегінен өткізген ақын «өзіңді босқа кіналама деп»,- ой тастайды.  Ол өлең былай басталады:

«Өзіңді кінәлама,

Титімдей де кінәң жоқ бұл арада,

Жырақтаппыз, түсіпті жыл араға.

Екеумізден қалған сол тәтті күндер,

Айналыпты мелшиген мұнараға.

Өзіңді айыптама,

Айыбың жоқ мен үшін, ғайып бала.

Тербеуші еді құшағын жайып дала.

Сол күндерден белгі анау жағадағы

Ескегі жоқ ескірген қайық қана».

Рас-ау, сол бір күндер, тәтті күндер тез өтерін кім білген?! Ғайып боп кеткен жылдардың сағынышты сазы көңілді тербеп, көп жайдың сырын ұқтырғандай. Бұл жердегі ақынның айтып тұрған сол күндердің куәгері мұнаралар ол әрине биіктікпен өлшенген тәтті ғұмырдың кейінде қалуы  болса керек. Уақыт өте келе мұнараларға айналып алыстан қол бұлғап ойыңа өткеніңді оралтады. Ал, екінші шумақтағы анау жағадағы ескексіз қайық қана дегені ол сөз жоқ бағыт-бағдары белгісіз болашақтың жолы қайда жатыр дегенді сездіргендей. Оны ескегі жоқ қайық бейнесінде елестетеді. Жай ғана қайық емес, ескегі жоқ ескірген қайық қана. Ескегі болса жағада бұлыай тұрар ма еді? ескектің өзі өмір айдындағы жетекшің екенін ойыңа алып «Ойпырмай, қалай ғана дәл басқан?» деп қосыла кетеріңіз дайсыз. Себеп, жағаға жеткен қайық, бұл да ғұмырдың бір белгісі болар-ау... Бәлкім, ескегі болса айдынға қайта түсер ме еді. Ойланып қаласың. Ақынның сөзді қолдану құдіретіне тәнті боласыз. Әйтпесе, қайық көрмей жүрміз бе?

Ғазиз ақынның жырларын оқи отырып, өмір жайлы терең толғаныстарды ой елегінен өткізгендей боласыз. Ол нені жазса да жеріне жеткізіп жазады. Тақырыптары да сан алуан. Жастық, ғашықтық тақырыптары да жастар жүрегін жаулап алғандай. Өмір жайлы тіршіліктің сан тарау тармақтары да ақын жырларының жауһарындай көрінеді. Көңіл көкіжиегінің көрікті ойларын өлең өрнегіен өзгеше өретін Ғазиз ақын қазір нағыз бабындағы кезінде. Отызында жазған ойлы өлеңдерібүгінгі алпыстың асқарына шыққанда да алтын асықтай жарқырай түседі. Оның жырларының жаңарып, жасарып, өзгеше өрнектеліп өрілуінің өзі табиғатпен үндесіп жатқандай. Көктем мен қыстың алмасып жатқан шағында күн мен түннің теңескен сәтінде наурыздың тұп-тура 22-і күні шыр етіп дүниеге келген Ғазиз ақынның тіршіліктің тамырын дөп баса білуінің өзінде де өзгеше бір өрім бардай. Өзгеге ұқсамайтын өзінідік бітім-болмысы бөлек Ғазиз ақыннан әлі де жаңа жырлар күтеміз. Себеп, ол – ақын. Ал, ақын жазған жырлар халықтың игілігіне қызмет етеді десек, қателеспейміз. Ендеше, елдің ерекше құрметіне бөленген Ғазиз ақынға бұрыңғылар айтқан «Алпыс – тал түс» дегенді қайталап айтсақ, кешке дейін де небір ғажап жырларды жазарыңа еш шүбәміз жоқ дейміз. Жазарың көбейе берсін, Ғазиз ақын!

Батырбек МЫРЗАБЕКОВ

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары