Мемлекеттің тұғырлы тірегі

«Тәуелсіздік тірегі – мемлекеттік тіл. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту».

Бауыржан Момышұлы,
Халық қаһарманы.

«Ертең тілім құритын болса, мен бүгін-ақ өлуге дайынмын» деген екен авар жұртының әлемге танылған даңқты ақыны Расул Ғамзатов. Десе дегендей, тіл тағдыры – ел тағдыры. Ұлтты танытатын негізгі белгілердің бірі – тіл.
Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.
Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы отыз жылға жуық уақыт болды. Тіл мәселесіне ерекше мән берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», – деп алдымызға айқын жол ашып берді. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруда бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды.
Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – қазақ жастары. Демек, әрбір қазақтың міндеті – қазақ тілінің мәртебесін асыру. Осы тұста Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», – деген ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес. 
Тәуелсіздік алғалы бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тіл­дің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шаралар қабылданды. Нәтижелері де аз емес. Алайда жастар арасында, кейбір мекемелерде қазақ тілінің жайы ақсап тұр. Расында, қазақ халқының басында талай қиын нәубеттің, қайғы­лы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Еліміз жетпіс жылдай Кеңес Одағының құрамында болды. Ата-анамыз орыс тілін ұлықтады. Қазақ халқы өзінің тілін, ділін, тіпті салт-дәстүрін ұмытардай халге жетті. Деген­мен «сабақты ине сәтімен» деген. Еліміз сан ғасыр аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, тілге, дінге, ұлттық құндылықтарға жан бітірді.
Бүгінде мемлекеттік тіл республиканың бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздар мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі білікті де саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше, сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмаймыз. 
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен дейді.
Өзгенің құлы емес, өз еліміздің ұл-қызы болайық, өзгенің емес, өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары