МАМАНДЫҚ – МҰРА АТАДАН ҚАЛҒАН

Биылғы жылы Есіл ауданының Мектеп ауылындағы білім ордасына 90 жыл толғалы отыр. Осы мектепте еңбек еткен ұстаздар әулетінің бірі – Қосаевтар әулеті.

«Әке – асқар тау», - деп бекер айтылмаған, алдыңа жол нұсқап, оған ұмтылар күш-қайрат беретін адамың болғаныңа не жетсін, шіркін...

Өткен  күн, кеше – тарих,

Келер күн, ертең – сыр,

Ал бүгінгі күн – үлкен сый, -

 деп Қорқыт атамыз жырлағандай, бүгін мен  әкемнің, отбасымның, бауырларымның, яғни бір әулеттің ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мұғалімдік қызмет жолдарының әр кезеңдерінен сыр шеткім келеді.

Менің әкем – Қосаев Қабжан Қазбекұлы. Өз заманының абыройлы, ел-жұртына беделді, артық сөзі жоқ, мәртебелі, ұлағатты ұстаз болғандығын үлкен мақтанышпен айта аламын. Қазіргі күні де: «Қарағым, кімнің баласысың?», - деп үлкендер жағы сұрағанда, «Қабжан дегеннің ұрпағымын» - деген сөзімнің өзінен-ақ танитындарын білдіртіп, жылы лебіздерін арнап, бата-тілектерін жаудырып жататындары кеудеме  қуаныш отын лаулатады. Біз осы күні белгілі бір жетістікке қол жеткізіп жатқанымыз, ол асқар тау әкеміз бен аяулы анамыздың бізге деген ерекше тәрбиесі мен қамқорлығының арқасында деп білемін.

Әкем, 1940 жылы Петропавл қаласындағы мұғалімдер курсын аяқтап, Қарағанды облысы Нұра ауданында мұғалімдік қызмет жолын бастаған. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, әскери борышын өтеп, 1947 жылы ғана елге оралды. Одан ары қарай ұстаздық жолын жалғастырды. Қарағандының Молотов атындағы мемлекеттік оқытушылар институтының тарих факультетін бітіріп, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алған. Октябрь (кейін Сергеев, Шал ақын) ауданындағы Социал, Чапай, Кеңес, Жаңажол, Мектеп мектептерінде директорлық қызмет атқарған. 1956 жылы 14 мамырда ерен еңбегі бағаланып, Қазақ ССР Оқу Министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.

Біздің отбасымызда үш ұл және бес қыз тәрбиеленді. Бәріміздің де бойымызда мұғалімдік қасиет дарыған десем, артық айтқаным емес. Өйткені, әкемізден берілген мұғалімдікті осы күні де жалғастырып келеміз.

Ең үлкен апам Қазбекова Марал Қабжанқызы 1967 жылы Сулы мектебінде бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастаған еңбек жолын Мектеп бастауыш мектебінде жалғастырды. 1970-1974 жылдары К.Д.Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық иститутының тарих-филология факультетінде оқып, орыс тілі мен орыс әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шыққан. 1974 жылдан бастап өз  мамандығы бойынша Мектеп негізгі мектебінде қызмет етті. Қажырлы еңбегінің, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1988-1997 жылдар аралығында директорлық лауазымда қызметін жалғастырды. 

Одан кейінгі апам Қосаева Ләйлә Қабжанқызы 1972-1976 жылдары К.Д.Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық иститутының физика және математика факультетінде математика пәнінің мұғалімі мамандығын иеленді. 1976-1977 жылдар аралығында Мектеп негізгі мектебінде математика пәнінен дәріс берді. 1977 жылдан бастап 2012 жылға дейінгі аралықта «Ступинка орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде еңбек еткен.

 Ағам Қосаев Қайрат Қабжанұлы 1979 жылдан бастап Мектеп негізгі мектебінде  дене тәрбиесі және еңбек пәндерінің мұғалімі болды. Осы жұмысымен қатар, сырттай 1981 жылы К.Д.Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық иститутының тарих-филология факультетіне түсіп, 1985 жылы тарих пәнінің мұғалімі маманы болып шықты. Одан кейін, тарих пәнінен сабақ бере бастады. 1986 жылы оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етті. Оның жұбайы Қосаева (Сейфуллина) Ғайни Қаратайқызы да Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық  институтын үздік бітіріп, 1981-1987 жылдар аралығында осы Мектеп негізгі мектебінде  математика пәнінің мұғалімі қызметін атқарды.

Ал, өзіме тоқталатын болсақ, мен 1986 жылы Отан алдындағы  әскери борышымды өтеп келіп, осы жылы Мектеп негізгі мектебінде дене тәрбиесі мұғалімі болып орналастым. 1984-1994 жылдары сырттай К.Д.Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық иститутында оқып, география пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Содан бері география пәнінен дәріс беріп келемін. 1996 жылы Мектеп ауылындағы «Мектеп негізгі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде оқу ісінің меңгерушісі, 2002-2004 жылдары осы мектепте  директор қызметінде, 2004-2009 жылдары қайтадан оқу ісінің меңгерушісі, 2009-2010 жылдары Корнеевка ауылындағы «Корнеевка орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде директор болып қызмет жасадым. 2010 жылдары Мектеп негізгі мектебіне оралып, оқу ісінің орынбасары, ал 2017 жылдың қараша айынан бастап осы оқу орнына қайта директор болып тағайындалдым. Жалпы алғанда, 32 жыл педагогикалық жұмыс өтілім бар.

Ал менің екі қызымның жоғарғы білімдері педагогика саласымен тікелей байланысты. Тұңғыш қызым – Қосаева Аида Талғатқызы, бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. 2004-2008 жылдар аралығында Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжінде бастауыш сынып мұғалімі және мектеп психологы, 2008-2012 жылдары Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің сырттай бөлімінде бастауыш сынып мұғалімі мамандығына оқыды. Сонымен қатар, осы кезде 2008 жылы Мектеп негізгі мектебінде бастауыш сынып мұғалімі қызметін қатар алып жүрді. 2009-2010 жылдар аралығында Николаевка ауылындағы Николаевка орта мектебінде өз мамандығы бойынша қызметін одан әрі жалғастырды. 2012-2014 жылдары «Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп» мемлекеттік мекемесінде, ал 2014 жылдан бастап «Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қызмет етуде. Ал ортаншы қызым – Қабжан Іңкәр Талғатқызы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетінің әлеуметтік-гуманитарлық факультетіндегі құқық және экономика мамандығына оқыды. Кіші қызым – Балғын Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғаліміне оқып жатыр. 

Міне, бір әулеттің үш буынының өкілдері өскелең ұрпаққа білім беру ісіне өміріміздің 160 жылдай уақытын арнаппыз. Атадан балаға мирас болып қалып келе жатқан ұстаздық сара жолымыз әлі де жалғаса береді деп сенемін.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары