ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ТАБЫСТЫ БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.

Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады, әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі интеграциялануға мүмкіндік туғызады. Ақпарат алу мүмкіндіктері кеңейіп, шет тілдерден енген сөздер ұлттық ерекшеліктерімізге қарай икемделетінін, көп ұлтты халқымыздың бірлігін одан әрі бекемдеп, бүкіл түркі әлемін біріктіруге күш салатынын да атап айту керек. Латын әліпбиіне көшу үрдісі бір күндік шаруа емес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын, зор жауапкершілікті қажет ететін игі іс.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.

Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Өскелең ұрпақтың  болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, олардың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті.           

Еліміздің латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Бүгінгі күнге дейін Тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын жасауда қызу талқылауда ойларын да айтып бөлісті. Әрине, ұлт үшін маңызды өзекті мәселелердің оңды шешілуіне қосып отырған кәсіби білікті мамандардың пікірлері ескеріліп, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін жасалу жолдарына қатысты өрбісе және басқа жоғарыда аталған елдердің тәжірибесіне қарап салыстыра отырып жасалса құба-құп болар еді. Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Сонымен қатар, интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған, бірақ орыс графикасында ғана жасалған, болашақта қазақ графикасында жасалады деген ойдамыз. Латын әліпбиіне көшуде осындай бастапқы жұмыстар атқарылып отыр.

Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады демекпін.

А. ИБРАГИМОВА,

 «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығының

ағылшын тілі пәнінің оқытушысы

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары