КӨКТЕМ мен ЖАҢАРУ МЕРЕКЕСІ

22 наурыз барлық Түркі әлемі жыл басы саналатын Наурыз мерекесін тойлайды. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағында дүйім жұрт бар өкпе-ренішті ұмытып, ескі заттардан құтылып, жамандық атаулыны қыспен бірге ұмытуға тырысады.  Жақсылықтың жаршысы болған осынау мерекені жезқазғандықтар да асыға күтіп, ерекше салтанатпен атап өтті.

Қала басшылығы, қаланың құрметті азаматтары, ақсақалдар мен түрлі мекеме ұжымы жиналды. Табалдырықтан аттаған ит жылымен жұртшылықты қала әкімі Батырлан Ахметов құттықтады:

- Бүгін – жақсылық пен құт-берекенің көзін ашып, күн мен түн теңелген күн. Елді бірлікке, достыққа ұмтылдырған күн. Наурыз мейрамы – бақыттың бастауы, жақсылықты жаршысы. Тарихи тамырын тереңнен тартқан бұл мейрам ды қай кезде болмасын еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі болып келген. Баршаңызды ақ босағадан аттаған Ұлыстың ұлы күнімен құттықтай отырып, сіздерді денсаулық, ырыс пен ынтымақ тілеймін.

Ақжарма тілегін жеткізген қала басшысы марапаттау шарасын өткізді. Өңірімізге белгілі ақын Ғазиз Ештанаев Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісіне ие болды. Қала тұрғыны Мадина Есембекова «Күміс алқа» иегері атанды, ал Күлпәш Тоқпанбаева Жезқазған қаласының Құрмет грамотасына ие болды.  

«Қазақмыс» корпорациясының қызметкерлері атынан Тау-кен өндірістік кешенінің бас директоры Талғат Шайхыбеков қала халқын жаңару мерекесімен құттықтап, бақ-береке тіледі.

С. Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театры мен қаламыздағы би ұжымдарының бірлесе қойған сахналандырылған қойылымы мерекенің көркін қыздырды. Бұл көрініс Тәуелсіз мемлекетімізде өмір сүріп жатқан жүздеген этностар арасындағы татулық пен бейбітшілікті нығайтуды көздеді. «Батамен ел көгереді» демекші, қойылым соңында Қыдыр ата жиналған қауымға ақ батасын берді.

Әз наурыз мейрамын тойлау ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Бұл күні наурыз көжеден бастап түрлі тағам түрлері дайындалады, киіз үй тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылады. Дәстүр бойынша   биыл да әкімдіктің ұйымдастыруымен киіз үйлер байқауы өтті. Алаша хан даңғылында бой көтерген киіз үйлер қалашылығын қала әкімі бастаған әділқазылар мүшелері аралап көрді. Мыс қорыту зауыты, байыту фабрикасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған аймақтық өкілдігі, Бизнес және көлік колледжі, А.И.Оразайұлы атындағы қала мешіті және тағы басқа да мекемелердің 20 қазақы үйі тігілді. Айта кету керек, мешіт ұжымы арқан тартыс, кір тасын көтеру сынды ұлттық ойындардан жарыс өткізді. Үздік деп танылған жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар, киіз үй алаңында көпшілікке арнап дастархан жайылып, 250 литр наурыз көже мен бауырсақ таратылды.

 Киіз үйлер байқауының талаптары бойынша әр киіз үйде ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында салт-дәстүрден үзінді көрсетілді. Сондай-ақ, үйдің ішкі және сыртқы безендірілуі мен дастархан мәзіріне мән берілді. Биыл үш киіз үй көрме түрінде тігілді. Қалалық білім бөлімінің қазақы үйі сандық технологияларға арналды. Ал тағы екі киіз үйді қаламыздағы тарихи-археологиялық музейі мен Қ.Сәтбаев атындағы тау-кен мұражайы тікті.

Конкурстың қорытындысы бойынша бас жүлдені Тау-кен өндірістік кешені жеңіп алды. Ал, жүлделі І орынға «Қазақмыс Мэйкер» ЖШС қалалық өкілдігі және қалалық білім бөлімі лайықты деп танылды. ІІ орынды мыс қорыту зауыты мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған аймақтық өкілдігі өзара бөлісті.  ІІІ орын «Қазэнергоцентр» орталығы мен пәтер иелері кооперативі, А.И.Оразайұлы атындағы мешіт пен байыту фабрикасы тіккен киіз үйлер иеленді.

Халқымыздың көнеден келе жатқан дәстүрін дәріптейтін Наурыз мейрамында спорттық жарыстар да ұмыт қалған жоқ. Ұлттық ойындарымыз қазақ күресі мен тоғызқұмалақты тамашалаған адамдардың қарасы қалың болды. Қалың жұртшылықтың назарын аудартқан марқа көтеру сайысы болды. Қара күшке сенген батырлар қол күреске түсті. Жарыстың қорытындысы бойынша ең үздік нәтиже көрсеткен адамдар жеңіс тұғырыннан көрінді. Тоғызқұмалақ ойынан Н.Сейітхазин, А.Қабденова, Т.Арысова және Д.Әкімбеков жүлделі І орынды иеленді. Асық атудан Қ.Шыңғысов атындағы №5 мектеп оқушылары О.Жаппаров, А.Жаппаров пен А.Юлдашов үздік деп танылды. М.Кезекбаев пен С.Жанұзақов гір тасын ең көп көтергендер болды. Ал марқаны көтеру сайысында самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Арман Сәрсембин қошқарды 210 рет көтеріп, рекорд орнатты. Арқан тартыс бойынша жүлделі І орынды №9 тірек (ресурстық орталық) мектеп-интернаты жеңіп алды.

 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары