Кітапханадағы кездесу

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың күні кеше жолдаған кезекті Жолдауы – бизнесті дамытудың жаңа серпіні. Жолдаудағы әлеуметтік-экономикалық мәселелер, әсіресе, агроөнеркәсіп кешенін дамыту жобаларын қолға алу, індет кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау шараларын арттыру туралы тапсырмаларды кәсіпкерлер жылы қабылдады. Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – аса маңызды. Себебі, ол экономикалық өрлеудің, әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы болып отыр. 

Бейсенбі күні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Өрнек ауылдық кітапханасында «Кәсіпкерлікті дамытуға кәсіби бетбұрыс» тақырыбында кәсіпкерлермен кездесу кеші өтті.
Кештің құрметті қонақтары – жас кәсіпкер, Өрнек ауылының тумасы Әлмұқан Кенжебеков ер жасау мен техника жайлы, кәсіпкер тракторшы Қайрат Тұрлығұлов ауыл шаруашылығы туралы, ащыбұлақтық кәсіпкер Мейіржан Үкібаев құс өсірумен айналысып, кәсібін өрге дөңгелетіп отырғанын, қабілетің мен күш-жігерің болса бәріне қол жеткізуге болатынын айтты.
– Ең бастысы, қазіргі таңда кәсіппен айналысамын деген жанға мүмкіндіктер өте көп. Мен жастардың бизнес идеялары мен стартап жобаларын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетілетініне өте қуаныштымын. Қуантарлығы сол, өңірімізде шағын және орта бизнес дамып келеді. Сонымен қатар, елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу, тұрғындардың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайын соған сай көтеру сіздер секілді жастардың қолында. Елбасы шағын және орта кәсіптің дамуына мүмкіндіктер мен жағдайлар жасап отыр. Соны дұрыс пайдалана біліңіздер, – деді Жамбыл колледжінің тәлімгері Нұрбек Сапарбаев.
Жиын барысында кітапхана меңгерушісі Жанат Садуалиева «Кәсіпкерлік және бизнес» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, көрермендер назарына ұсынды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары