Кісілік бастауы — мейірімде

Заманында халқымызға жөн сілтеген Абайдай тұлғаның тағылымы бүгін де маңызын жоймады. Оның білім мен ғылымға шақырған өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы айқын көрініс табады. Ол қазақ тіліне, жалпы руханиятына, әдебиеті мен мәдениетіне жаңашылдық пен байлық әкелді, қаламының күшімен әлемді таңғалдырды. Өлеңдерінде де, қара сөздерінде де қазақ мәдениетін әр қырынан танытты.

Абай хакімнің айтуында, адамның жүректен аяулы жері жоқ. Айрықша бөліп айтқан адамдық үш қасиеттің бірі де – жылы жүрек. «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі», – дейді. Ал ғақлия қара сөздерінің соңын: «Адамшылық­тың алды – махаббат, ғаделет, сезім» деп тұжырымдайды. Осыған ой жүгіртіп пайымдағанда дүниені ұстап тұрған адамдық асыл қасиеттердің асқар шыңында әділет пен мейірім тұратынын ұғынасың.
Өмірдің мәні мен сәні, тіршіліктің жұлын-өзегі – махаббат пен мейірім дегенді аңғартады жоғарыдағы ғибратты ой иірімдері. Ізгілік пен инабат, адамгершілік пен ар-ұят, барлық жақсылық атаулы адам жүрегінің тұма бұлағында тұнған тұнық сезім – мейірім мен махаббаттан бастау алады. Әлемді құтқаратын құдірет – мейірім мен махаббат, адамды адамдық биігіне көтеретін – мейірімнің шапағаты. Кісілік бастауы – мейірімде. Адам жүрегіндегі мейірім мен қайырым Алланың рақымымен жаралады.
Адам Ата заманынан бері, Әбілді Кәбіл, бауырды бауыр өлтіргеннен бастап қаталдық пен қаскөйлік, қатыгездік пен залымдық иісі адам баласының қас дұшпаны болып келеді. Сонда дейміз-ау, бір ғажабы, бірге туғаныңды, өз қандасыңды ғана емес, діні мен ділі, тілі біріңді ғана емес, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!» деген ұлық ғаделетті сөзді қазақтың бас ақынының айтқаны қандай ғанибет.
Абай замана ағысын мұқият зерделеу арқылы адамды тани бастады, сөйтіп барып өз халқының мінез-құлқы мен ұлттық болмысын терең түсіне білді. Сондықтан да ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында жаңғыру мәселесін осыдан екі ғасырға жуық уақыт бұрын ұлтты жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған Абай мұрасымен байланыстыра қарауға көңіл аударып, Абай еңбектерінің XXI ғасырдағы әлеуетіне терең үңіліп отыр. Өйткені қазақтың бас ақынының бүгінгі ұрпақтарына берері ұшан-теңіз.
Дәл қазіргі кезде қазақ халқына ұлы Абайдың керектігі мен қажеттілігін түсініп, оны қоғамдық-әлеуметтік өмірімізді, тұрмыс-салтымызды сауықтыруға нақты қадамдар жасап, адами бастауларымызға бетбұрыс жасағанымыз – бүгінгі күннің талабы. Заман озып, адам тозса да, Абайдың шығармалары өзінің құндылығын жоймақ емес, бұрынғыша өзекті, өміршең және қоғам үшін қажеттілігін жоғалтпай, сол мән-мағынасын сақтаған күйінде ұрпақтарына мұра болып қала бермек.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары