Қазыналы ой – дамуымыздың кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл кең көлемде аталып өтетін Абай тойы ұрпаққа тағылым беретін, кейінге айшықты мұра болатын іргелі істермен есте қалу керектігін айтқан болатын. Осы орайда Президент «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мазмұнды мақала жариялап, Абай әлемін бүгінгі күнмен, мемлекет құрылысымен, ел дамуымен байланыстыра отырып кеңінен талдау жасады.

Абайдың тұтас мұрасында теңдікке жетудің, елді қатарға қосудың жалғыз жолы білімде екені өзекке айналған. Президент мақаласында Абай қазақтың дамылсыз оқып, үйренгенін жан-тәнімен қалағанын, «Ғылым таппай мақтанба» деп білімді игермейінше, биіктің бағына қоймайтынын айтты. Расында, елдің үнемі алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болған, осы идеяны барынша дәріптеген Абайдың ғылымға, білімге шақыруы қазіргі таңда өте өзекті.
Сонымен қатар өтпелі кезеңдегі уақытша қиыншылықтар тұсында халықтық мінезімізді, ұлттық қалпымызды өзгертіп алмауымыз өте маңызды болып тұр. Абай айтқан міндердің үстіне жаһанданудың желімен жеткен жамандықтарды жамап қалудан сақтану да ұдайы жадымызда жүруге тиіс. Президент мұны да ескертеді: «Бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет. Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал. Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық». Яғни, Президенттің сөзіне сүйенсек, жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз.
Абай Құнанбайұлы қазақтың ой ағынының тарихи бұрылысын жасады. Ендеше, қазыналы сөзден ой түйген жастар ғылым-білімге құлаш сермеп, жаңғырудың жарқын үлгісін көрсететініне сенімдімін.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары