Қазақтың қадірін білу үшін қазақтың Қадырын білу керек

«Мен – бүкіл саналы ғұмырымды осы жазуға арнаған адаммын. Жұмыс істемей, қарап жүрген күндерім, жылдарым болған емес. Жылына бір кітап, кейде екі-үш кітап шығарып тұратынмын. Маған таңғалудың қажеті жоқ».

ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛИ   

«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.

Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деп жырлаған ақын Қадыр Мырза Әли ұлттық аспапқа сұлу сөзден ескерткіш орнатқаны белгілі. Қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі, Жайықтың ғана емес, тұтастай қазақ елінің Қадыры бола білгендігімен есімі жүректе, өлеңдері санада жатталды. «Қазақтың қадірін білу үшін қазақтың Қадырын білу керек» десті қаламдастары.

Тірісінде мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев: «Қадыр – найзағалы ақын. Дәуірдің, уақыттың өзі жаратқан өміршең ақын. Оның поэзиясы – өзіміз сүйіп отырған дәуірмен мінездес» деп санап, Тұманбай Молдағалиев те оның ізденгіштігін жоғары бағалаған-ды.  

Қасиетті Жымпиты өңірі – Қадыр ақын туып-өскен мекен. Бүгінде Сырым ауданында ақын есімі мектепке беріліп, орталық алаңда еңселі ескерткіш бой көтерді.

Биыл Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Қадыр Мырза Әлидің туғанына – 85 жыл. Санаулы ғұмырында ғасырлар бойы халқына азық болар мұра қалдырған заңғар тұлғаның есімі ұлықталып, шығармаларын ұрпақтары жыр қылып айтып, ақын рухына тағзым жасалуда.

Орал қаласында ақынның 80 жылдық мерейтойына ашылған Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ұрпағына аманат еткен асыл мұраны насихаттап келеді. Бес жылдың ішінде шаһардағы мәдени ошаққа айналған Қадыр орталығы ұлттық өнердің ұлысы – айтыс өнерін, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, арнайы жасақталған көрме залдары өлке тарихының тамырын бүгінгімен ұштастыруда. Шығармашылық ұжымның атсалысуымен бір ізге түскен Қадыр сарайының тыныс-тіршілігі қызу жүруде. Мәдени орталықтағы ілкімді істерді бетке алып, мерейтой иесінің жауһар жәдігерлерін бағамдап көрелік.

Оралға келген сапарында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев:

– Мен Оралда Қадекеңнің атындағы орталық ашылғанын білуші едім. Қазір оның ашылғанына екінші жылға кетіп барады. Содан бері осында келудің сәті тек бүгін ғана түсіп отыр. Өз басым, оқырман ретінде, Қадыр Мырза Әлидің өшпес поэзиялық туындылары мен ішінара проза жанрында жазған дүниелеріне үлкен құрметпен қараймын. Қадыр – шын мәнінде халқымыздың арын арлап, жоғын жоқтай білген өресі биік суреткер. Қайталанбас ақындық талантына қоса, ол – өзінің адами білім-болмысымен де өзгеге өнеге боларлықтай тұлға. Әдебиетіміздің осындай өміршең өкіліне ескерткіш тұрғызып, оның атына орталық ашқандарың дұрыс болған екен, – деп риясыз көңілін білдірген еді.

Ақын атындағы мұражай бөлменің негізгі бөлігі – Қадыр ақыннан қалған мұрамен танысу алаңы. Жымпиты ауылының мектебінен түлеп ұшқандағы кәмелеттік аттестаты, сыныптастарымен түскен суреттері, студенттік дәурені, отбасылық өмірі, бала Қадырдан дана Қадырға дейінгі еңбек пен ізденіс жолдарынан сыр шертетін ақпараттар топтамасы, талай жырлар мен сүйекті шығармалар дүниеге келген ақынның жеке жұмыс бөлмесі қаз-қалпында сақталған.

Бауыржан Ергенұлының айтуынша, «Қадыр жолымен...» жобасы аясында «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы құрылды. Аталмыш өнер ұжымының құрылу мақсаты – қайталанбас тұлға, біртуар ақын, халық жазушысының шығармашылығын насихаттау болмақ. Ұжым құрамындағы өнер иелері ақынның сөзіне жазылған әндерді жанды дауыста шырқап, талантты жастар өлеңдерін оқып, әзіл-қалжыңдары мен афоризмге айналған даналық ойлар, қанатты сөздерін кеңінен дәріптейді. «Бұл бастама – дала перзентінің бай мұрасына деген зор құрмет» деп санайды ұйымшыл ұжым.

«Дала дидары» ұжымы шығармашылық сапармен облысымыздың ауыл-аймақтарында өнер көрсетіп, көршілес Атырау, Маңғыстау облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында болып, Қадыр шығармашылығын құрметтейтін көрерменнің ықыласына бөленіп үлгерді. Өткен жылдың өзінде Ақтөбе қаласында екі мәрте өнерін паш еткен өнерлі ұжым халықты рухани әсерге бөлей бермек.

Бауыржан Ергенұлы сын сағатта Қадыр орталығы елмен бірге болысып, ақын қазынасын әлеуметке дәріптеу тоқтап қалмағанын айтады. Қадыр Мырза Әлидің өлеңдері күнбе-күн «Қадыр қазынасы» айдарымен әлеуметтік желідегі парақшаларға салынып, оқырманға ұсынылса, белгілі өнер иелері, орталықта қызмет жасайтын облыс айтыскерлері «Ақжайық» телеарнасы, орталықтың желідегі парақшалары арқылы Қадыр өлеңдерін жатқа оқып, онлайн айтыс ұйымдастырды. Биыл елге танымал зиялы қауым өкілдерінің ақын туралы естеліктері мен сұхбаттары жаңадан қолға алынған «Қадыр хақында» онлайн-сұхбат жобасында көрермен назарына ұсынылған болатын.

Соңғы екі-үш жылда өңір халқы үшін екі бірдей игі бастама жүзеге асты. Бірі – орталық орналасқан шаһардың 6-шы шағынауданындағы ауызекі тілде «62 үй» аталып келген аялдама ресми түрде Қадыр Мырза Әли орталығы атауын иемденіп, республикалық ономастикалық комиссиясы, қалалық мәслихат шешімімен қаламыздың 5-ші шағынауданына да ақын есімі берілді.

«Өлең деген – ой мен сезімнің ар жағы»

Қай өлкеде жүрсе де дана Қадырдың жанында қойын дәптері мен қаламсабы бірге жүретін. Алғашқы өлеңін 11 жасында жазған Қадыр Ғинаятұлының ғұмыры өлең өлкесінде өріліп, шығармаларында туған жер, табиғат сұлулығы, балалар әлемі, бақыт көрінісі сипатталды. Қадыр туралы естелікке зер салсақ, балғын жастан зеректігін бірден аңғару қиын емес. Естуімізше, «Бала Қадыр қазақ ауыз әдебиетіндегі «Батырлар жырын» ағасының ауыл қарияларына оқып берген сәттерінен ерекше толқыныспен тыңдай отырып, жаттап алып, ағасы жоқ кезде тыңдаушыларға оқып отырғандай әсер қалдыратын» деседі.

Қадыр ақынның студенттік шағынан басталып, өмірінің соңына дейін жинаған асқан байлығы – кітаптары. Жеке кітапханасындағы 7 мыңдай кітаптың 6700-ден астамы мәдени орталықтың Қадыр Мырза Әлидің жеке мемориалдық мұражай бөлмесіне қойылды.    

Жалпы Қадыр шығармашылығы – жас та, жасамыс та өзіне қажеттісін алып, рухани қуат алар әлем іспетті. Алғаш «Балдырған» балалар журналы, «Жұлдыз» редакциясы, «Жазушы» баспасында қызмет атқарған талант иесі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі рет депутаттыққа сайланып, шығармашылық пен қызметті қатар алып жүре алды. Бас-аяғы 40 жасына дейін еңбекке араласқан ол қалған өмір жолын шығарма жазуға арнады. Бір сөзінде Қадыр Мырза Әли: «Егер мен жазушы болмасам, суретші болар ма едім?!» деген. Кезінде көркемсурет, өнер академиясынан алған дипломы сақтаулы.  

Қадыр – бай шығармашылығы арқылы халқының жүрегінде сақталған алып тұлға. Шығармаларының жазылу тілі қазақ болғанымен, кейіннен кейбір туындылары орыс, қырғыз, шетел тілдеріне аударылып, «Күміс қоңырау» кітабы түгелдей өзбек тілінде тәржімаланып, екі жүзден астам өлеңіне ән жазылды. Бірегейі – Ескендір Хасанғалиев әнін жазған «Атамекен» өлеңі еліміздің екінші әнұранына айналды. Қазақ балалар әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосқан Қадыр ақынның тіл жаттықтыруға арналған жаңылтпаштар мен жұмбақтар, мысалдар мен тапсырмалар, мектепке дейінгі жастағы балалар мен бастауыш сынып оқушыларына арналған ертегілері мазмұны мен мағынасы жағынан дараланып, орта мектеп бағдарламасына енді.

«Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы, «Жерұйық» кітабы үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әлем поэзиясына қосқан үлесі үшін Моңғолияның «АВЬЯС», «Әдебиет» санаты бойынша «Платина Тарлан» өнер туындыларының тәуелсіз сыйлығының лауреаты атанып, «Парасат», І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Қадыр ақынның естелігінен жеткен жетістігіне қатысты тамаша бір ой-орамы сақталған: «Бір әйелім, үш ұлым, бес немерем бар. Қазақ әйелін мақтамайды. Мақтағанды мазақ қылады. Менің әдебиеттегі жемісті еңбегім жолдасыма байланысты. Маған үнемі жағдай жасады. Байлығым жетпейді, бірақ қолымнан келсе, кіп-кішкентай қылып, алтыннан бюстін құйдыртып, өз үйімнің төріне қояр едім» деп шығармашылығындағы өрлеуді Салтанат анамыздың есімімен байланыстырады.

Сөз зергері Әбіш Кекілбаев Қадыр ақын хақында былайша толғаған екен: «Қадыр Мырзалиевтей қадау талантқа ғана айтылар бағаның салмағын ешбір сөзбен жеткізе алмайсың... Қадырды әлі әріп танымаған бүлдіршін бөбектен бастап, әріпті көзілдіріксіз көре алмайтын қарияға дейінгінің бәрі біледі. Өзін білмесе де сөзін біледі. Даусыз даңқ, татаусыз танымалдылықтың сыры – Қадыр талантының қарапайымдылығында».

Қадыр Ғинаятұлы қашан да халық құрметінен кенде емес еді. Ол үрдіс әлі күнге дейін сақталып, өнер орталығы сәт сайын ақын мен оқырманын қайта қауыштырғандай әсер қалдырады. Халық барда ақын есімі өлмейді деген осы шығар,сірә!

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары