Инабатты арулар сынға түсті

Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын, – деп жырлаған халқымыз қыз бала тәрбиесіне о бастан ерекше мән берген. Жалпы, қазақ халқы бұрымдыларды ар-намысым деп бағалаған. Әрине, өнегелі отбасының тәлім-тәрбиесін алған қыз елін жерге қаратпайтыны хақ.

Жуырда аудан әкімдігі білім бөлімі Макаренко атындағы орта мектепте «Инабатты ару-2020» байқауын ұйымдастырды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен шараға жиырма бір ару қатысып, үш бөлім бойынша сынға түсті. Әуелі бұрымдылар «Сымбаты мен сыры жарасқан» деп аталатын кезеңде білімі мен өнер жолындағы жеткен жетістіктерді бейнебаян және слайд арқылы көрсетіп, жеңгесімен таныстыру өлеңін оқыды. Ал, «Шаңырақтың шамшырағы» деген бөлімде үміткер отбасының бір мүшесімен алдын ала дайындаған ас мәзірі, қолөнер шеберлігін бейнеролик арқылы қорғап, жеңгесінің көмегімен қазылардың салт-дәстүр, ұлттық таным тұрғысындағы сұрақтарына жауап берді. «Қыз өссе елдің көркі» кезеңінде арулар халық әндерін шырқап, ұлттық билерді биледі. Көркем шығармаларды нақышына келтіре оқыды. 
Байқауда бойжеткендер ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына, рухани құндылықтарына құрмет білдіріп, қыздың ұяңдығы мен биязылығын, инабаты мен имандылығын көрсете білді. Сайыс барысында арулар өздерінің сегіз қырлы, бір сырлы екенін байқатты.
Қазылар алқасына төрағалық еткен аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Айгүл Бақытжанқызының шешімімен бас жүлдені Балнұр Алпысбай (Шайқорық орта мектебі), бірінші орынды Аружан Асқарқызы (Б.Момышұлы), екінші орынды Сымбат Шәріпбаева (Ю.Гагарин), үшінші орынды Диана Жашауова (Ә.Тарази) иеленді. Қалған қатысушылар «Көктем ару», «Өнерпаз ару», «Күміс көмей ару», «Сымбатты ару», «Өнегелі ару» номинацияларымен марапатталды. 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары