Ерекше әсер қалдырды

Жамбыл Жабаев – қазақ жырының алдаспаны. Ол өзінің ғасырға жуық ғұмырында тау мен даланы жырлады. Поэзия әлеміндегі туған елінің мақтанышы, әлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Ақынның жас ұрпаққа қалдырған өнегелі өлеңдері – мәңгілік рухани азық.

Жақында «Ертегі» бөбекжайы­ның тәрбиешісі Индира Стамбақы Жамбыл бабамыздың халыққа қалдырған мұрасын насихаттап, балғындардың бойына ізгі қасиеттерді қалыптастыру мақсатында «Жыр алыбы – Жамбыл» атты тәрбиелік мәні зор әдеби кеш өткізді.
Шара барысында тәрбиеші жыр дүлдүлі Жамбылдың өмірбаянын, көркем әдебиеттерде жарияланған шығармаларын таныстырды. «Гүлдер» тобының бүлдіршіндері ақынның мерейтойына орай дайындаған жаттамақтарын айтып, қойылымдар көрсетті. Келешекте ел патриоты болатындарын өлеңмен өрнектеген балғындар тәрбиешілермен бірге болмысы дара туған Жамбыл атаның әлеміне саяхат жасады. Көрмеге қойылған әрбір суретке түсінік берген топ жетекшісі балаларға ерекше көңіл күй сыйлады.
«Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан мар­жан сықылды. Оны жинап алып хал­қының қолына беру – біздің әрқайсысымыздың азамат­тық борышымыз» деп Сәкен Сейфуллин айтқандай, бұл әдеби кеш әркімге ерекше әсер қалдырды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары