БҰҚАР ЖЫРАУ ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ ЕЛ БІРЛІГІ МӘСЕЛЕСІ

Кез келген тарихи тұлғаның тарихтағы орны мен атқарған қоғамдық-әлеуметтік миссиясын сөз етер тұста оның өмір сүрген уақыты мен сол уақыт аясында туындаған келелі, күрделі, маңызды мәселелердің шешіліміне қосқан үлесі алдымен назарға алынатыны белгілі. Қазақ хандығы құрылып, Орталық Азияны мекен еткен халықтардың саяси өмірінде айтарлықтай өзгерістер болып жатқан тұста Асан жырау мен Қазтуған жырау есімдері ауызға алынды. Одан беріректегі тарихи жағдайлар да ел билеуші хандармен қатар ел ісіне араласқан жыраулар мен билерді тарих сахнасына алып шықты. Сөз жоқ, бұл кезеңдердің күрделі мәселелері жетіп артылатын.

Осындай аумалы-төкпелі, жорықты, орда амандығы үшін басты оққа тігуге тура келетін сын-сынақтарға толы тарихи кезеңдерде жыраулардың атқарған қызметі өлшеусіз. Оларға төл әдебиетіміздің өкілдері, бастауы, негізгі қайнар көзі деп қана қарамай, оларды ел тағдыры үшін қам қылған қайраткерлер дәрежесінде қарайтынымыз сондықтан. Бұқар жырау Қалқаманұлы – осындай айтулы тұлғалардың бірі. Ғалым Ж.Артықбаевтың: «Бұқар жырау өмірі ХVІІІ ғасырдың күретамырындай, ғасырдың ортан бетінен із салып, сайрап жатыр. Бұл – қазақтың, қазақ сияқты Орталық Азияны мекендеген ондаған елдердің тағдырын шешкен уақыт»,- деген пікірінен де, М.Мағауиннің: «Бұқар өзі көрген Тәуке хан, оның ар жағындағы Қасым, Хақ-Назар, Есім хандар заманының идеялдарымен өмір сүрген адам еді, Ол үш Жүздің басы қосылып, бір орталыққа бағынған күшті мемлекет болуын аңсайды»,- деген пікірінен де Бұқар жырау өмір сүрген кезеңнің күрделі болғанын аңғаруға болады. Соған сай даңқты шешеннің өмірлік ұстанымының да биік болғанын байқаймыз.

Жалпы, Бұқар жырау хақында сөз қозғарда біз үнемі мына жайтты естен шығармаймыз:

-біріншіден, Бұқар жырау – қазақ хандығы заманындағы екі елеулі кезеңнің куәсі болған жан. Әйгілі шешен, жырау Бұқар қазақ Жүздерінің арасында бәтуә-бірлік орнап, бас біріктіріп, тұтастыққа ұмтылған Тәуке хан билігі дәуірлеген кезеңді де көрді. Бел ортасында жүрді. Бұқар жырау Тәуке қайтыс болғаннан кейінгі баяғы ымыра-бірліктің көбесі сетінеп, тігісі ажырай бастаған уақыттың да шындығына куә болды. Өмірбаяндық деректері мен ел аузындағы әңгімелерден, жыраудың бізге жеткен әдеби мұрасынан оның ел тағдыры үшін аса маңызды оқиғалар легіне араласқанын, сол оқиғалар  көреген, сезімтал, уақыт тынысын дәл бағалып, алдағыны болжай алатын Бұқардың әлеміне жойқын әсерін тигізгенін аңғардық.

-екіншіден, даңқты жыраудың мейілінше жарқырап, даңқы дәуірлеп көрінетін кезеңі – Абылай ханның заманында ел билеу ісінің басы-қасында жүрген, ықпалды қайраткер тұлға ретінде көрінетін шағы. Айтқаны да, атқаны да дәл тиетін шешен, алдағыны болжай алатын көреген, төкпелеп сөйлесе төңірегін ұйытатын жырау, ықпалы ерен қайраткер ретінде осы тұста айырықша даралана түседі. Демек, Бұқар жырау - екі ханның билік құрған уақытындағы, сол екі ханның кезінде туындаған күрделі мәселелерді ел тағдырына оң әсері болатындай етіп шешудің аса маңызды болып тұрған шағындағы толқын-толқын оқиғалар ішінде шыңдалған, қайралған тұлға. Біз шартты түрде бөліп қарап отырған осы екі кезеңнің ішіндегі ең күрделісі Абылай заманы болды десек, қателеспейміз. Өйткені Абылайдан арғы замандарда дербес ел ретінде өмір сүрген қазақ хандығының алдында Абылай заманынан өзгерек оқиғалар бел алып тұрған еді. Ол - қазақ хандығының жері мен байлығына қызыққан дұшпандардың шапқыншылығынан қорғану, қолды болған жерді күшпен қайтарып, ел-жер тұтастығын сақтау қарекеті еді. Өз уақытта жаулап алмақ ниетпен атойлап келген дұшпанның кім екені де, пиғылы да белгілі болатын. Ал Абылай заманы жоғарыда атап өткен уақыт сынынан күштірек кезең еді.

Тарихтан белгілі болғандай, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы қазақ даласы жоңғар шапқыншылығынан құтылып, алып қытай елінің екпіні де саябырсыған шақ болды десек, керісінше, іргедегі орыс патшалығының ен даланы иелігіне айналдырмақ пиғылының асқындап тұрған уақыты болатын. Бұлар – қазақ халқының ата дұшпандарындай ашық келіп айқасқан жоқ, жүрісін білдірмей, ізін жасыра отырып мысықтабандап ене бастады. Бұқар жыраудың:

Шүршітпенен құлақтас,

Қырғызбенен жұбаптас,

Ортасында ұйлығып,

Кетпейін десе жері тар,

Кетейін десе алды–артын

Қоршап алған кәпір бар.

Ұйлыққан қойдай қамалып,

Бүйірінен шаншу қадалып,

Сорлы қазақ қалды, ойла!- деп күйзеле

жырлайтын уақыты – осы уақыт. Елдіктің сақталуы екіұдай күйде қалған осы тарихи сәтте Абылай да, Бұқар да қаһармандығымен көрінеді. Бірі ел басқарған хан ретінде, екіншісі ханның көреген кеңесшісі, халықтың сүйіктісі ретінде қазақ халқының тағдыры үшін күресе біледі. Сондықтан осы күрделі шақтың алып тұлғалары саналатын Абылай мен Бұқар - бір кезеңнің бүтін тұлғасы, бірінен бірін ажыратып қарауға болмайтын тар кезең қаһармандары. Екеуі де өз заманының бұралаңын да, бұлғағын да, күнгейін де, көлеңкесін де қатар көрді. Азабына арқаларын тосты, ауыртпалығын бірлесе көтерді. Егер хан мен жырау арасындағы қайсыбір келіспеушіліктің болып жатуының, жырау тарапынан хан ісі қатты сынға ұшырап жататындығының себебін іздесек, біз оны осы күрделі кезең сипаттарын зерттей отырып түсінеміз.

Екі тұлға алдында бір ғана мақсат тұрды: ол – елді аман алып қалу, тар кезең қыспағынан аман-сау алып шығу. Айта кету керек, қалың қолын қатарға тұрғызып, Бөгенбай батыры ұрандап, орысқа қарсы соғыс саламын деген Абылайдың мақсатын түсінеміз. Азаттық жолында айқасып өлу. Ал хан әміріне қарсы келіп:

Ашулансаң, Абылай,

Көтерермін, көнермін,

Көтеріп қазға салармын.

Өкпеңменен қабынба,

Өтіңменен жарылма,

Орыспенен соғысып,

Басына мұнша көтерген

Жұртыңа жаулық сағынба,- деген Бұқар жыраудың айтқанын ел-жұрт азаттығы жолындағы жалтақтық дей аламыз ба? Бұқар – самсаған сары орыспен соғысып табар пайданың жоқтығын түсінеді, көре біледі. Мұның бәрі, біз жоғарыда сөз етіп кеткендей, екі алыптың тізе түйістіріп ғұмыр кешкен уақытының аса күрделі болғандығын тағы да таныта түседі.

Абылайдың да, Бұқардың да нақ түсінгендері, ұққандары біреу ғана болды: ол – дербес ел болып қалу қалу үшін қажет бір-ақ күш бар; ол – ел іші бірлігінің беріктігі. Осы қазықты ой Бұқардың толғауында былайша көрінеді:

Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек

Бұл үйректей болыңыз.

Судан суға шүйгумен,

Көлден көлге қоныңыз.

Байлар ұғлы шоралар,

Бас қосыпты десін де,

Маң – маң басып жүріңіз.

Байсалды үйге түсіңіз,

Айнала алмай ат өлсін,

Айыра алмай жат өлсін,

Жат бойынан түңілсін,

Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз.

Арысы - ел іші бірлігі, берісі – ағайын-туыс, аталастың татулығы – Бұқар жырау толғауларының өн бойында тартылған өзек. Жырау насихатын саралай отырып: «Мынау тұрмыстық деңгейдегі бірлік сөзі, ал мынау тұтас елдік деңгейдегі бірлік сөзі»,- деп абыз жыраудың ақыл-өсиетін жікке бөліп қарауға болмайды. Жалпыдан жалқыға, жалқыдан жалпыға өте сөйлеп, ел тірлігі үшін үлкен-кішісі деген болмайтын маңызды мәселені жанама және тікелей сөз ете кету – Бұқар толғауларының ерекшелігі.

Жақын жерден шөп жесе,

Жердің сәнін кетірер.

Ағайынның аразы

Елдің сәнін кетірер.

Абысынның аразы

Ауыл сәнін кетірер.

Бұқардың «ауыл сәнін кетірер абысынның араздығын» «елдің сәнін кетірер ағайынның араздығынан» төмен не жоғары санап отырған жоқ, керісінше, тұтастық, елдік деген бір бүтін ұғым бөлшектері деп бағалайтынын аңғару қиын емес.

Әйгілі жырау бір толғауында:

Рулының оғы қалса табылар,

Жалғыздың  тартатұғын

Жағы қалса табылмас,- дейді. Жұмбақтай, тұспалдай, жоталата айтылған сөздің астары қалың, айтары терең, мағынасы өрісті, діттегені нық. «Рулының» деп отырғаны – бәтуә-бірлігі мықты, тұтасқан топ, ал жалғыз – жан-жағында пана болары жоқ, соқа басы қалған пенде. Ал қайсысының ұпайы түгел, ұтары мол? Дана жыраудың тұспалдай айтып, тұқырта сөйлеп, түсіндірмек болғаны біреу: ол – топтанған жұрттың тозбайтындығы.

Жар басына қонбаңыз,

Дауыл соқса үй кетер.

Жатқа тізгін бермеңіз,

Жаламенен бас кетер.

Жаманмен жолдас болмаңыз,

Көрінгенге күлкі етер.

Жақсымен жолдас болсаңыз,

Айырылмасқа серт етер,- деген жыраудың сөзінен де баянды бірлік болмағы үшін кіммен, қалай жақындаспақтың пайдасын айтады. Бұны жеке адам ретіндегі ұстанымызға да, тұстас ел болып өмір сүру байламыңызға да кеңес бере алатын ақылды сөз түйіні деп бағалаймыз.

Бұқар үшін ел болып күн кешудің ендігі жолы – бірлік. Бұл бұрынғы даналардың да өсиет сөздерінде тапталып айтылған, ал Бұқар толғауларында барынша ашыла түседі.

Өлетұғын тай үшін,

Қалатұғын сай үшін,

Қылмаңдар жанжал, ерегіс.

Бұ қылықты қоймасаң,

Құдайдың бергеніне тоймасаң,

Ағаш үйде кәпір бар,

Көрерсің содан теперіш.

Пұсырманның баласы,

Сірә бір кеңес құрыңыз,

Бір ауызды болыңыз.

Бұл – шүршіт пен кәуірдің қыспағында жатқан, ел ішіне баспалап келіп басқаның ене бастағанын, ендігі күн қандай болатынына алаң болған көреген жыраудың соңғы өсиеті сияқты көрінетін түйінді сөз. Бүтіндіктің берекесін кетіріп, тұтастыққа жік түсірген әрекеттерге Бұқардың қара бұлтша түйіліп, қақырата сөйлейтіні сондықтан. «Садыр, қайда барасың?» деген толғау - осының үлгісі.

«Бұқар жыраудың Абылай хан сырқаттанып қалғанда көңіл сұрай барып айтқаны» дейтін шағын толғауы (көлемді толғаудың үзігі сияқты- авт.) бар. Онда қатты айтса, сөзін көтерген, ағытылып сөйлесе сөзіне ұйыған, ел тағдырын қарақан басының бағасынан артық қойған сүйікті ханы Абылайдың науқастанып қалғанына налып:

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым–ай,

Қайырусыз жылқы бақтырған, ханы –ай,

Қалыңсыз қатын құштырған, ханым–ай,

Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам,

Сонда қалар ма екен жаның–ай!- дейді.

Көлемі шағын жырау сөзінің көтеріп тұрған жүгі орасан. Бұқардың бұл сөзін ел бірлігі жайлы толғайтын салмағы ерен шығармаларындағы ойдан бөлектеп, қарт бабаның дертке ұшыраған ханға көңіл білдіргені деп қана қарай алмаймыз. Мұнда да бірлік жайлы өзекті ой жатыр. Ол – «халқыңа бас болған ханыңның қадірін біл, маңына ұйыс, дегеніне құлақ сал, ханы мен қарасының бірлігі бар елге жау тимес» деген ишара ой.

Қорыта келгенде, Бұқар - ел бірлігін, ел тұтастығын өмір сүрудің негізгі тірегі, тетігі деп түсінген және сол тақырыпты толғауларының өзегі, айтар ақылының арқауы еткен жырау.

Ел бірлігі мәселесі - қашаннан бері сөз болып келе жатқан мәселе. Бұл -Күлтегін жазуындағы (VІІ ғасыр):

Бектерінің, халқының ымырсыздығынан ,

Табғаш халқының тепкісіне көнгендігінен,

Арбауына көнгендігінен,

Інілі–ағалының дауласқандығынан,

Бекті халқының жауласқандығынан,

Түркі  халқы елдігін жойды,- деген сөзден бастап данышпан Абайдың:

Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең істің бәрі - бос»,- деген ғақыл сөзінің арасындағы заманалар мінбесінен осы елдік, бірлік, тұтастық мәселесі үздіксіз айтылып келді. «Мәңгілік ел» идеясын көтерген бүгінгі Қазақстанның да негізгі ұстанымы – осы бірлік. Бұл - ғасырлардың төбесінде құс жолы сияқты тартылып жатқан бабалардың аманат сөзі. Сол ғасырлар үнінің арасынан Бұқар жыраудың дауысы ерекше естіледі.

Ғазиз Ештанаев,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары