Болашағымыз үшін жасалған маңызды қадам

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс қағаздар мен оқулықтар осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Еске салсақ, қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшіп, 1940 жылға дейін қолданыста болған. Латын графикасы негізінде әліпби жүйесін алғаш түзген – қазақтың дарынды дипломаты Нәзір Төреқұлов. Ол 1924 жылы Мәскеу қаласында «Жаңа әліпби туралы» атты кітабында өзінің алғашқы нұсқасын көрсетті. 

Әлемдік мәдениетпен бірігу үшін қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру маңызды. Латын әліпбиінің ұтымды тұстары көп. Латын әліпбиіне көшу туралы сөз қозғалғаннан бастап жұртшылық арасында пікірталас өршіп кеткені рас.
Бәрінен маңыздысы – тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кіруге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біз олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Әлемдегі елдердің 80 пайызы ортақ қаріпті қолданады. Ғылым мен саясаттың тілі де осында.
Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстан секілді мемлекеттер латын әліпбиіне көшті. Ендігі кезек – біздің елде. Ата-бабаларымыз латын әліпбиінде талай құнды жазбалар мен әдеби кітаптарды дүниеге әкелді. Біз бұл графикаға дәл қазір келгеніміз жоқ. Бұл орайда тәжірибеміз бар екеніне тарих куә. Әліпбидің басты жетістігі «бір дыбыс – бір таңба» ұстанымы болып отыр. Өйткені қазақ тілінің фонетика-морфологиялық дұрыс жазылымын осы ереже арқылы ғана іске асыруға болады. Жаңа әліпбидің негізгі таңбалары осы амалмен құрылған. Латын қарпіне ауысу арқылы көш ілгері жүреді. Тілдің табиғи тазалығы сақталып, қазақ тілін оқыту барысында артық таңба мен емлеге қатысты ережелер қысқарып, қазақ қауымы дүниежүзілік ғаламтор жүйесіне еркін ене алады. 
Ең бастысы, латын қарпіне көшу арқылы қазақ тілінің мәртебесі артып, халықаралық деңгейге шығуына мүмкіндік тумақ.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары