Берері көп танымдық кеш

Өткен бей­сенбіде аудандық орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ұлттық құндылықтар ұмытылмайды» атты танымдық кеш өтті.

Кештің өтуіне «Қыз жасауы» өнер туындысы арқау болды. Яғни, оқырмандар қыз жасауының қандай маңызы бар екенін ұғынып, өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алды. 
Кеш қонағы «Айналайын» балалар мен жасөспірімдер орталығы, «Жастар клубы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Әшімқызы жасауға қатысты айрықша көңіл бөлетін құрақ көрпенің ерекшелігіне тоқталып, салт-дәстүрді дәріптеді.
Қыз жасауы – ұзатылған қызға берілетін дүние-мүлік. Халқымыз бұл ғұрыпқа аса зор көңіл бөліп: «Жасауды алты жастан жинасаң – асады, жеті жастан жинасаң – жетеді», – деп өсиет қалдырған. Жасауға сәукеле, кілем, текемет, ыдыс-аяқ, төсек-орын, киім-кешек, әсем әшекейлі бұйымдар берілетін болған. Жігіт жақтан берілетін қалың малға шамалас келетін жасау кейде оның мөлшерінен де асып түсіп жатады. Қызға жасау беру ата-ана мойнындағы борышы болып саналады. Сол себепті де «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деп қазақ қыз баласын жасаусыз ұзатпаған. Қазіргі кездегі қыз жасауы дүние-мүлікпен бірге тұрмыстық-техника түрлері және үй жабдығына қажетті құралдармен толыққан.
Құрақ деген сөздің астында терең мән жатыр. Құрақ көрпе тіккенде қыз анасымен бірге еңбектену керек. Сонда оның қадірін біліп әрі көрпе мен құрақтың тігілуіне мән береді. Құрақты түрлі-түсті матамен құраған. Мысалы, көк түс – көгеру, өсіп, оңды болсын десе, қызыл түс – оттың, махаббаттың, қанның белгісі, ақ түс – биіктіктің, сары түс – білімділіктің, бақыттың символы. Құрақтың үш бұрыштысы – үш жұрты аман болсын, төрт бұрыштысы – төрт құбылаң тең болып, аман бол деген мағынаны білдіреді екен.
Шара соңында қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Жұлдызай Жарылқасын «Қазақ халқының қолөнері» атты ашық қарауды таныстырып, «Қолөнер – мол өнер» бұйымдарының көрмесі мен «Қолөнер – ұлттық құндылығымыз, дәстүрдің жал­ғасы» атты бейнероликті слайд арқы­лы көрермендер назарына ұсынды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары